Түркістан биыл «Рухани өлке» статусына ие болды – Әзімхан Қойлыбаев

28 Маусым 2022, 09:51
2797
Бөлісу:
Түркістан биыл «Рухани өлке» статусына ие болды – Әзімхан Қойлыбаев

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік өңірінің мәдениеті, рухани дамуы бүгінгі таңда айтарлықтай көркейіп, өркендеп келеді. Мәдениет дегенде тізілген театрлардағы сахна өмірі, кітапханалар, музейлер, өнер мен тіл мекемелеріндегі ұжымның өлшеусіз еңбектерін көз алдымызға елестетеміз. Осы ретте Түркістанда мәдениет саласы қалай дамып жатыр, мәдениет басқармасы облыстың рухани деңгейін көтеру үшін қандай жұмыстар атқаруда? Аталған сауалдар төңірегінде біз облыстың Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Түркістан – Тәуелсіз Қазақстанның көнені жаңартып, қайта түлеген жаңа облысы, рухани құндылықтар тоғысқан жаңа орталығы десек артық айтқандығымыз емес. Өңірдің мәдени бет-бейнесіне бір көз жүгіртіп, атқарып жатқан жұмыстарыңызды оқырмандарға айтып берсеңіз.

– Иә, сізбен келісемін, Тұңғыш Елбасының Жарлығымен 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысы құрылып, қазақ даласында, қазақ тарихында болмаған жаңа облыс пайда болды. Содан бері міне төрт жыл да зу етіп өте шықты. Бұрын облыста жоқ таңғажайып кешендер, өнер ордалары бой көтерді. Айта кетейін, бүгінгі таңда Түркістан аймағында 685 мәдениет және өнер мекемесі бар. Барлығы да жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Оның iшiнде, 395 кiтапхана, 252 клуб мекемесі, 25 музей, 3 кәсіби театр, 2 орталық, 1 облыстық филармония, 1 «Конгресс Холл» көпсалалы кешені, 1 көркемсурет галереясы, 1 «Оңтүстікфильм» мекемесі, 6 саябақ бар. Бұдан бөлек, өңірімізде мәдениет пен өнерді және тіл мен ономастика саласын дамыту  бағытында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, Жетісай ауданында 2, Созақ ауданында 1 клуб мекемесі ашылды.

– Құпия болмаса осы 2022 жылы мәдениет саласын қаржыландыруға қанша қаражат бөлінді? 

– Мәдениет саласын дамытуға бөлінген қаражат 6 469,5 миллион теңгені құрады. Қазірге дейін оның 2 547,4 миллион теңгесі игерілді және де мәдени инфрақұрылымды дамыту мақсатында облысымызда биыл «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 2022-2023 жылдарға 8 ауылдық мәдениет үйі мен клубтың құрылыс жұмыстары басталды. Оған бюджеттен 2 656,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Ал «Шығармашылық үй» ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 5 448,0 миллион теңге қаралды. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының ғимаратын жөндеуге 241,4 миллион теңге қаралды. Жалпы, материалдық-техникалық базаны нығайтуға тоқталатын болсам, «Музыкалық драма театры» мен «А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы» КММ-не 417,4 миллион теңге қаралды.

- Өзіңіз білесіз, Мемлекет басшысы барыс жылын балаларға арнады. Бұл тұрғыда айтатын қандай жаңалықтарыңыз бар?

- Иә, биыл Балалар жылына орай, балаларды тегін шығармашылық үйірмелермен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында еңбектеніп жатырмыз. Айталық, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап шығармашылық үйірмелер бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмі енгізілген болатын. Осыған орай, artsport.edu.kz  платформасы іске қосылып, облыс әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар жалғасын тауып келеді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының 2021 жылғы 16 наурыздағы хаттамалық тапсырмасы бойынша, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге биыл 484 291,0 мың теңге (2021 жылғы маусым-желтоқсан айларына 284 521,5 мың теңге) қаржы бөлініп, бүгінгі таңда оның 329 498,0 мың теңгесі игерілді. Нәтижесінде 147 шығармашылық үйірме ашылып, жеті мыңдай бала 59 шығармашылық үйірме түрімен шұғылдануға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта artsport.edu.kz  платформасы арқылы өтінімі мақұлданған үйірмелер мен жұмыс істеп тұрған үйірмелерді қаржыландыру үшін 2,6 млрд қаржы қажеттілігі туындап отыр. Өкінішке қарай, керекті қаржы 2022 жылғы 6 мамырда өткен облыстық мәслихат сессиясына ұсынылғанымен, қолдау таппады.

- Облыста қазірге дейін қандай мәдени іс-шараларды атқардыңыздар?

- Түркістан облысының барлық тұрғындарына отандық және әлемдік мәдениет туындыларына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында есепті мерзімде 1 халықаралық, 2 республикалық, 9 облыстық деңгейдегі, жалпы клуб мекемелерінде 279, кітапханаларда 2773, музейлерде 286 көпшілік іс-шара өткізілді. Өткізілген іс-шаралардың басым көпшілігі 22 наурыз мерекесіне мерекесіне арналды. Атап айтқанда, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған «Анаға құрмет» мерекелік концерті, балаларға, үлкендерге арналған «Ұлыстың ұлы күні Наурыз» мерекелік іс-шарасы, «Nauriz in Turkistan» халықаралық суретшілер форумы, ұлтымыздың бірегей екенін  насихаттау барысында фольклор жанры бойынша «Жарамазан – жақсылық жаршысы» облыстық байқауы, Сауран ауданының бір жылдығына арналған «Сазды Сауран» облыстық композиторлар байқауы өтті.  А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай облыстағы тілдері оқыту орталықтарының қазақ тілі оқытушыларының арасында «Ең үздік оқытушы» байқауы және жастар арасында көркемсөз оқу шеберлерінің байқаулары  ұйымдастырылды. Сондай-ақ 18-19 маусым күндері республика көлемінде өткен «Түркістан дауысы» әншілер байқауына әр өңірден 17 жас әнші қатысты. Байқаудың бас жүлдесін Алматы облысынан келген Алмагүл Батталиева жеңіп алды. «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасы мен «Оңтүстікфильм» бірлесіп, халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай, «Өз болашағың өз қолыңда» атты іс-шара өткізді. Оған зиялы қауым өкілдері мен қала жастары қатысты. Түркістан музыкалық драма театрында республикамызда ең айтулы премьераның бірі болған «Бөрте» спектаклінің маусымдық жабылуы болды. Ал 29 маусым күні аймақтық «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасында Байғали Есеналиевтің «Ана жүрегі» драмасымен театрдың кезекті ХХІІ маусым шымылдығының жабылуы өтеді. Сонымен қатар, 29 маусымда ҚР Рәміздеріне 30 жыл, М.Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай «Шаянға барсаң әншімін деме» облыстық ән байқауы Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында өткізгелі отырмыз. 

- Театрдағы ашылу, жабылу маусымы туралы айтып қалдыңыз. Бұл сала бойынша қандай жұмыстар істелінді? Жалпы, облыста қанша театр бар?

Облыста үш кәсіби театр бар. Олар Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, Түркістан музыкалық драма театры. Жыл басынан бері облыстық кәсіби үш театрда төрт жаңа қойылым сахналанды. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында Байғали Есеналиевтің «Ана жүрегі» драмасы, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында Е.Аманшаевтың «Қайдасың?» (Балкон) мелодрамасы, Ө.Пістебектің «Құрманбек» драмасы, Е.Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы сахналанды. Жыл басындағы «қаңтар оқиғасына» байланысты үш театрда  44 қойылым ұсынылып, алты мыңнан аса көрерменмен қамтылды. Ал концерт саласы бойынша облыстық филармонияда 43 концерт және мәдени іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде қайырымдылық концерттер беріліп, оған мыңнан аса адам қатысты. 10 маусымда республикада тұңғыш рет Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы Алматы қаласындағы Республика сарайында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты концерт өткізіп, үш мыңға жуық көрерменді қамтыды. Жалпы, Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» ғимаратында 18 мәдени іс-шара оффлайн форматта өткізіліп, оған он мыңдай көрермен қатысты. 

- Осы тұста айта кетіңізші, өзге аймақтармен мәдени қарым-қатынастар орнатып жатырсыздар ма? 

- Әрине, облысаралық шығармашылықты нығайтуды ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз. Басқармамыз меморандум негізінде Қызылорда облыстық филармониясының «Томирис» би ансамблімен бірге ұйымдастырылған «Яссы» би ансамблінің «Би әлемі» атты концерті және «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі ұжымының 20 жылдық мерекесіне орай, шертпе күй шебері Сүгір Әліұлының күйлерінен концерт, Ш.Қалдаяқовтың әндері бойынша «Ән аға» атты концертін өткізді. Сәуірде мәдениет басқармасының қолдауымен «Конгрес Холл» көпсалалы кешенінде «Әлемді тең көрген, жүректі тербеген» тақырыбында қайырымдылық кеші мен «Қозы Көрпеш Баян сұлу» күніне орай Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония «Екі ғашық» мерекелік концертін өткізді. Аталған мереке аясында «Махаббат жырлары» челленджі ұйымдастырылып, республикалық деңгейде сипат алды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің «Тұран даласына күй шашу» атты өнер кеші өткізілді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында «Ер түріктің бесігі Түркістанға – Алтын бесік Ақтөбеден» атты Ақтөбе облысының мәдениет күндері болып өтті. Шара аясында ақтөбелік өнерпаздар екі күн бойы театрлық қойылымдар, кітап, сурет көрмелері мен өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концертті жұрт назарына ұсынды. Қалада «Түркістан – Түркі әлемінің жүрегі» атты облыстың аудан, қалаларының мәдениет күндері басталды. Әр аптаның демалыс күндері өткізілетін шара өңірдің туристік әлеуетін нығайтып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани демалыс сыйлады. Арыс қаласы мен Ордабасы, Төлеби, Отырар, Сауран, Бәйдібек, Түлкібас ауданы көркемөнерпаздар ұжымдарының өнерлерін тамашалаған Түркістан халқы бір серпіліп қалды. Кентау халқының өнерпаздары қоятын концерт шілде айының соңына дейін жалғаспақ. Мамыр айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани қазына – 2022» өнер фестивалі өтіп, Түркістан облысы 2022 жылғы «Рухани өлке» статусына ие болды. Маусым айында Маңғыстау облысының «Маңғыстаудан мың сәлем, түркі төрі!» атты Түркістан облысындағы күндері өтті. Екі күндік бағдарлама мәдени-рухани шараларға бай болды. Сондай-ақ, жуырда қаламызға Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының қолдауымен батыс өнер ұжымы келіп, ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттады. Түркістанға көшпелі өнер ұжымымен бірге орталық басшысы, белгілі ақын Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын Жансая Мусина, ақын Талғат Мықи және де батыстық өнерпаздар келіп, концерт қойды. 

- Мәдениет тек театрдан тұрмасы белгілі. Кино саласында қандай жаңалықтар болып жатыр?  

- Өзіңіз білесіз, «Оңтүстікфильм» соңғы жылдары көптеген туындыларымен елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Аталған мекеме ұлт мәдениетін, соның ішінде кино саласын дамытуда өзіндік үлесін қосып келеді. 2022 жылдың бес айында 35 бейнематериал яғни 11 деректі және бейнефильм дайындады. Оған қоса, 24 тақырыптық-ақпараттық бейнеролик әзірленді. Онлайн, оффлайн форматта 55 кино көрсетілді. Дайындалған бейнематериалдардың барлығы әлеуметтік желілерде жарияланды. А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ұлт мүддесін қорғаған ұлт жанашыры» деректі фильмі, «Отқа оралған 10 жыл», «Айтыс жауқазындары», Балалар жылына орай «Балақай» бейнефильмдері дайындалып, көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар, «Қазақ еліне мың алғыс», «Анаға құрмет», «Наурыз – балалар мерекесіне» арналған бейнероликтер және облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов бекіткен «Наурыз – бірлік пен татулықтың бастауы» атты іс-шаралар жоспарына сәйкес «Әр отбасыдан – бір ағаш» арнайы ақпараттық бейнеролик әзірленді. Ол түркістандықтар арасында кеңінен танымал болды. 

- Түркістан – музейлерге бай облыс. Аймақтағы музейлердің жұмысы қалай жүргізіліп жатыр? 

- Облыста 22 музей және сол әрбір музейдің өзіндік келушілері бар. Жыл басынан бері музейлерде 3243 экскурсия, 291 көрме, 286 көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Қазіргі таңда 1521 дана жаңа экспонат жинақталып, жалпы қор 228973 данаға жетті. Сәуір айында Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнінің аясында Бәйдібек ауданы көркем-сәулет музейінің 40 жылдығына орай «Музейдің өзі жәдігер» атты іс-шарасы өткізілді. Бұл шараның облыс халқына берері мол болды деп зор сеніммен айта аламын. 

- Енді кітапхана мәселесіне тоқталсақ. Бүгінде жұртшылық ұялы байланыс арқылы әлеуметтік желіге жүгініп кеткені жасырын емес. Кітапханаға келушілер саны көп пе? Кітапханаға адамдарды тарту үшін қандай іс-шаралар ұйымдастыруға болады?

- Дұрыс айтасыз, қазіргідей жаһандану дәуірінде жұртшылықты кітапханаға көптеп тарту, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту оңай шаруа емес. Қазақ елі 30 жыл Тәуелсіздік алған жылдар ішінде көптеген жайттарды бастан кешірді. Жылдың басы да қаңтар оқиғаларымен қатты басталды. Дегенмен, еліміз еңсесін тіктеп, алға нық қадам басып келе жатыр. Жуырда ғана Ата Заңымызға оң өзгерістер енгізіліп, референдумды сәтті өткіздік. Пандемия шектеулерін ұмытып, бойымызды еркін жаза бастадық. Мәдени шараларды сағынған жұртшылықтың қуанышында шек жоқ. Оның ішінде кітапхана саласын да ұмыт қалдырмадық. Мәселен, облыстағы 395 кітапханада 4937 оффлайн, 1514 онлайн көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Оқырмандар саны 213097 адамды құрап, 24444 дана жаңа кітаптармен толықтырылды. А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақ ғылымы мен мәдениетінің жарық жұлдызы» атты тарихи конференция, М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан үшін Әуезов – екінші Абай» атты халықаралық онлайн конференциялар болып өтті. Қайырымдылық шарасы ретінде Салих Қалиевтің «Фото модель» кеші ұйымдастырылды. 

- Мәдениет басқармасы тек қана театр, музей, кітапхана ісімен ғана емес, тіл, ономастика мәселелерімен де терең айналысады. Бұл ретте қандай жұмыстар барын атап өтсеңіз. 

- Сөзіңіз аузыңызда, елімізде тіл саясатын іске асыратын үш жылдық мемлекеттік бағдарлама негізінде көптеген шаруалар атқарылды. Бұл бағдарламаның негізгі үш бағыты бар. Сол бағытта 28 шара ұйымдастырылды. Мұнда әрине латын әліпбиіне басымдық берілген. «Латын әліпбиі – өркениет жолы», жаңа латын әліпбиінің ерекшеліктері мен өзгерістері, «Латын әліпбиі – ұлт болашағы», «Латын әліпбиінде оқып, жазып, үйренейік!», «Оқу – білім бұлағы», «Қазақ жазуын жаңғырту», «Ұлтымыздың ұстазы - Ахмет Байтұрсынов» атты тақырыпта дөңгелек үстел болды. Әрине, халық арасында латын негізді әліпбиді кеңінен насихаттау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Екіншіден, осы жылы қазақ тілін жетік меңгерген тұрғындардың үлесін 94,5%-ға дейін көтеру жоспарланды. Бүгінде Түркістан өңіріндегі өзге ұлт өкілдерінің 73,8 пайызы мемлекеттік тілді жақсы меңгерген дей аламыз. Ал тілдерді оқыту орталықтарында 3087 адам мемлекеттік тілді оқып үйренуде және оның 552 адамы өзге этнос өкілдері. Көктемде инстаграм, фейсбук әлеуметтік желісі арқылы қазақша жақсы сөйлей алатындар арасында челлендж өткізгенбіз. Жарысқа облыстан 150-дей өзге ұлт этносы қатысты. Сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында өзге ұлт жастары арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауы өтті. Үшінші бағыт: Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту. Жалпы, Түркістан облысында 17 аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталығы бар. Орталықтарда 14 әдіскер, 31 қазақ тілі, 17 орыс тілі, 24 ағылшын тілі маманы жұмыс істейді. 

- Қазір облыста не көп тіл үйрету орталықтары көп. Оның бәрі мемлекеттік тілді үйренуге, халықты сауаттандыруға септігін тигізіп жатыр ма? Оңтүстік онсыз да қазақтілді аймақ қой. 

- Иә, мұнда облыстың жартысына көбі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 94,4 пайызды, орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 63,9 пайызды, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 15,6 пайызды құрайды. Облыс бойынша үш тілді мемлекеттік, орыс және ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 11,6 пайызға жетті. Аталған тіл оқыту орталықтарында 6159 адам тіл үйренуде, қазақ тілін 3087, орыс тілін 1053, ағылшын тілін 2019 тыңдаушы бар. Бұған дейін облыста тілдерді дамыту бағытында жүзге жуық іс-шаралар өткізілді. Құжат айналымы бойынша әкімдіктерде, басқармаларда іс-қағаздар 99 пайыз мемлекеттік тілде әзірленеді. Тағы бір айта кететін жайт, біздің басқарманың тапсырысымен қазақ-ағылшын тілінде тілашар мен сөздіктер, тілді оңай оқып үйренетін әдістемелер жасалып шығарылды. Мұнымен шектеліп қалмастан басқарма өз кезегінде тағы да жаңадан сөздіктер, әдістемелік жинақтар басып шығаруды жоспарлап отыр. 

- Ал ономастика саласы не болып жатыр? Облыста қанша елді мекендердің атауы ауысты?

- 2021 жылы желтоқсан айында өткен ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған 20 нысан бойынша тиісті құжаттар жинақталып ҚР үкіметі жанындағы РОК-қа ұсыну жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың 21 сәуірінде ономастика комиссиясының отырысы өтіп, нәтижесінде төрт елді мекеннің атауы өзгертілді, 15 обьекті мен екі көшеге атау берілді. Нақтырақ айтсақ, Сауран ауданының Бабайқорған елдімекенінде 16-шы көше атауын Айнакөл деп өзгертуге, Шардара қаласындағы атаусыз көшеге Әштар Жолдасовтың атын беруге ұсыныс берілді.

Өзгелердің жаңалығы