Түркістан: Бағыс, Тегісшіл ауылдарына табиғи газ берілді

12 Тамыз 2021, 09:44
3768
Бөлісу:
Түркістан: Бағыс, Тегісшіл ауылдарына табиғи газ берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанмен шекарадағы Бағыс ауылы мен оған жақын маңдағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары үш айдың ішінде орындалған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін, символдық түрде газ алауы жағылып, Бағыс және Тегісшіл ауылдарының үйлері табиғи газға қосылды. Газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, «ҚазТрансГаз» АҚ-ы Қазығұрт, Сарыағаш және Келес аудандарының 19 елді мекеніне газ жеткізу жұмыстарын аяқтады.

Шараға Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Тұрғамбаев, Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев пен «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Шалқар Омарбеков қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Сөз алған ауыл ақсақалдары алғыстарын білдіріп, ақ батасын берді.

Табиғи газ жеткізілген Қызылсеңгір, Тұғыр, Заңғар, Қақпақ, Сырлысай, Бағыс, Шымырбай, Дарбаза, Жаңаталап, Тегісшіл, Таскескен, Мәдениет, Мәдениет-2, Жылысу, Ақүй, Дастан, Алғабас, Құркелес және Таскескен-2 елдімекендеріне көгілдір отын «Қақпақ» және «Таскескен» автоматты газ тарату станцияларынан берілетін болады. Бұл ауылдарда 22 мыңнан астам адам тұрады. Газ қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратуда.

Бұл аймақта жалпы жиынтығы 300 шақырымнан астам газ құбыры салынды. Бұл 5000-нан астам отбасына табиғи газға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Яғни, 22 мыңнан астам тұрғын және 250-ге жуық әлеуметтік сала мен кәсіпкерлік нысандары табиғи газға қосылады. Газдандыру жұмыстары қарқын алған Қазығұрт ауданында 64 елді мекен бар, оның ішінде 44 ауыл газдандырылған, бұл 68% құрайды. Сарыағаш ауданындағы 71 елді мекеннің 38-і газдандырылған, бұл ауданда газдандыру көрсеткіші 53,5 %-ға жеткен. Келес ауданында газдандыру деңгейі 46,9%, яғни аудандағы 83 елді мекеннің 39-ы газға қосылған. Осы елді мекендерді газдандыру арқылы Түркістан облысы бойынша газдандыру деңгейі 66,2 пайызға жетіп отыр.



Өзгелердің жаңалығы