Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік саясаттағы мақсаттылық қағидаты» тақырыбында өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарды әл-ауқат деңгейіне қарай санаттарға бөлу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 36 түрлі жәрдемақының 14 түріне мұқтаждық критерийі енгізіледі. Бұл ретте отбасының табысы, тұрғын үй жағдайы, көлігі, бизнесі және басқа да активтері ескеріледі.
А санатына кімдер кіреді?
Министрдің айтуынша, А санаты – әл-ауқат деңгейі жоғары азаматтар тобы. Олардың қатарында ірі бизнес, агрохолдингтер мен жылжымайтын мүлік иелері бар.
А санатына жататын азаматтардың әр отбасы мүшесіне шаққандағы айлық табысы 350 мың теңгеден басталуы керек. Ал бір адамға шаққандағы тұрғын үй көлемі 120 шаршы метрден асуы қажет. Бұл бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны болуы мүмкін. Мысалы, бір немесе екі пәтер, сондай-ақ пәтер мен жеке үй болуы ықтимал.
Егер азамат ауыл шаруашылығымен айналысса, оның иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 300 гектардан асуы керек. Ал мал шаруашылығымен айналысатын азаматтың ірі қара малы 500 бастан көп болуы мүмкін.
А санатына жататын отбасының мысалы
Министр түсіндірмесін нақтылау үшін алты адамнан тұратын отбасының мысалын келтірді. Бұл отбасы көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алады.
В санатына кімдер жатады?
В санаты – әл-ауқаты жоғары азаматтардың келесі тобы. Олардың қатарында топ-менеджерлер, жоғары білікті мамандар және орта буын басшылары бар. Мысалы, бірінші басшының орынбасарлары, бөлім басшылары мен басқарма жетекшілері осы санатқа кіруі мүмкін.
Министрдің мәліметінше, В санатына үй шаруашылықтарының жалпы санының 16 пайызы, яғни шамамен 1 миллион үй шаруашылығы кіреді.
Бұл санатқа жататын азаматтардың әр отбасы мүшесіне шаққандағы айлық табысы 305 мыңнан 356 мың теңгеге дейін болуы керек. Мысалы, отбасында төрт адам болса, әрқайсысына шаққандағы табыс кемінде 305 мың теңгені құрауы тиіс.
Тұрғын үй көлемі бір адамға шаққанда 60-тан 120 шаршы метрге дейін болуы қажет. Бұл бір немесе бірнеше пәтер не басқа да тұрғын үй нысандары болуы мүмкін.
Сондай-ақ азаматтың меншігінде бір орта кәсіпорын немесе екі шағын кәсіпорын болуы мүмкін.
Автокөлік премиум санатына жатуы керек. Олардың қатарында Land Cruiser, Lexus, Mercedes-Benz, BMW және басқа да маркалар бар. Бұдан бөлек, азаматтың жүк көлігі немесе ауыл шаруашылығы техникасы болуы мүмкін.
Егер азамат ауыл шаруашылығымен айналысса, оның иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 50-ден 300 гектарға дейін болуы керек.
В санатына жататын отбасының мысалы
Министр В санатына кіретін үй шаруашылығының тағы бір үлгісін таныстырды. Бұл жағдайда екі отбасынан құралған, жалпы саны сегіз адам болатын үй шаруашылығы қарастырылған.
Бірінші отбасында 58 және 55 жастағы ерлі-зайыпты бар. Екінші отбасында 34 және 32 жастағы ерлі-зайыпты және олардың 11, 8, 5 және 2 жастағы төрт баласы бар.
Бұл үй шаруашылығының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы 350 мың теңгеден басталады.
Отбасының меншігінде ауданы 300 және 220 шаршы метр болатын екі үй бар. Екі үйдің жалпы ауданы 520 шаршы метрді құрайды. Оны сегіз адамға бөлгенде, бір адамға шаққандағы тұрғын үй көлемі 65 шаршы метр болады.
Сонымен қатар үй шаруашылығының жүк көлігі бар. Отбасы мал шаруашылығымен айналысады, мал басы 180 шартты бастан тұрады. Сондай-ақ олардың иелігінде 120 гектар ауыл шаруашылығы жері бар.
Министрдің айтуынша, табысы, тұрғын үй көлемі, көлігі және ауыл шаруашылығы активтері осындай көрсеткіштерге сәйкес келетін үй шаруашылығы В санатына жатады.
Қандай жәрдемақыларға мұқтаждық критерийі енгізіледі?
Асқарбек Ертаевтың түсіндіруінше, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 36 түрлі жәрдемақының тек 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізіледі.
Олардың қатарында балалы отбасыларға берілетін жекелеген төлемдер, мүгедектікке, күтімге және асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, жерлеуге берілетін төлемдер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бар.
Жаңа тәсіл бойынша С, D және Е санатындағы отбасылар аталған төлемдерді алу құқығын сақтайды. Ал А және В санатындағы отбасылар үшін осы жәрдемақыларды алу мүмкіндігі шектеледі.
Сонымен қатар қалған 22 түрлі жәрдемақы бұрынғы тәртіппен тағайындала береді.
Осылайша, мұқтаждық критерийі енгізілетін төлемдердің саны – 14, ал қалған 22 жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгеріссіз қалады.
Еске сала кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдерді 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: Жәрдемақы: 2027 жылдан бастап қазақстандықтарды не күтіп тұр?
2027 жылы кімнің жәрдемақысы қысқармайды? – Нақты жауап айтылды