Түркістан: ағын су мәселесі

31 Наурыз 2021, 15:21
3062
Бөлісу:
Түркістан: ағын су мәселесі

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 19 маусымда киелі Түркістан қаласына үш жыл толады. Бүгінде қала адам танымастай кейіпке еніп, жаңаша шығыс стилімен қарқынды дамып келеді. Осы ретте біз жаңа әрі көне қаланың экологиялық мәселесіне қатысты яғни ағын сумен қамтамасыз ету жағы қалай жүріп жатқаны жайында аз-маз шолу жасамақпыз.

Айта кетейік, 2024 жылға дейін аймақтың экономикасын, әлеуметтік мәселесін дамытуға арналған жоспары бойынша іске асырылып жатқан жобалар өңір үшін аса маңызды. Сондықтан аталған жобаларға республикалық бюджеттен қаржы бөлу керек екендігі айтпасақ та түсінікті. 

Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов суға қатысты қандай өзекті мәселелер барын айтып берді. Оның сөзінше, Түркістандағы магистралды каналдарды жөндеу жобасына 5,3 млрд теңге, екіншіден Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасын салу жобасына 1,15 млрд теңге, үшінші Сырдария өзенінен Түркістан магистралды каналына ағын су тартуға 7,0 млрд теңге қажет көрінеді. 

Облыстық бюджет есебінен соңғы екі жылда 243,0 шақырымды құрайтын 61 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 42 дана тік ұңғымалар қалпына келтірілді. Нәтижесінде 44,3 мың га суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды, 53 миллион текше метр су үнемделді. Одан бөлек өткен жылы 54 шақырымды құрайтын 21 канал артық қоқыстардан тазартылды. 97 ішкі канал облыстық коммуналдық меншікке қабылданып, осы ішкі каналдарға шектік мәні 328,61 теңге болатын тариф бекітілді. Бұл аумақта жылына 4100 ауыл шаруашылығы тауар өнімдеріне 314,0 млн текше метр ағын су босатылып, 103,0 млн теңге кіріс табады деп жоспарлануда, яғни 36,7 мың гектар ағын сумен қамтылады, - деді Нұрбек Бадырақов. 

Қазіргі кезде Түркістан облысы аумағындағы бірнеше су нысандары күрделі жөндеу жұмыстарының жобасына енгізіліпті. Сол жобалардың ішінде 17 нысанға биыл күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастыру мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттік нақтылауға бюджеттік өтінім ұсынылды. Жобалар іске асырылған жағдайда 20 267 га жерде кепілді сумен қамтамасыз етуге қол жеткізілетін болады. 

Бұдан бөлек, облыста суармалы жерлерді дамыту мәселесі қалай дегенге тоқталар болсақ, Қожатоғай массивінде 25 000 гектар суармалы жерді жаңадан қосуды көзделіп отыр. Аталған массивке «Қайып ата» ЖШС тарапынан 5 000 гектар жерде жаңбырлатып суғару технологиясын ендіру жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар, «Түркістан қаласын дамыту бойынша бірінші кезектегі іс-шаралардың жүзеге асыру туралы» жол картасына «Арыс-Түркістан каналын қоректендіретін Сырдария өзенінен машиналық каналдың құрылысы» жобасы әзірленіп жатыр. 

PHOTO-2021-02-26-18-08-23 (1).jpg

Бұл жобалардың Түркістан облысы үшін маңыздылығын ескере келе қосымша Сырдария өзенінен ағын су лимиті сұратылды. Айталық жылына Сырдария өзенінен Арыс-Түркістан каналына су беру жобасына 53,0 млн текше метр, Қожатоғай массивін іске асыру жобасына 40,0 млн текше метр кетеді. 

Облыста Бөген, Қосқорған су қоймалары, Караспан, Түркістан, Арыс магистралды каналдарымен Қараспан су торабы бар. Бұлардың бәрі де облыстың коммуналдық меншігінде. 

Нысандар облыстық меншікке берілгенге дейінгі меншік иесі Қазсушар РМК тапсырысымен Түркістан магистралды каналымен Бөген қашыртқысы бойында бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілді. Алайда өкінішке қарай 1,8 млрд теңгеге тапсырыс алған «Жилстрой Индустрия» ЖШС мердігер мекемесі құрылысты аяқсыз қалдырған. Осының салдарынан келетін тасқын суды қауіпсіз өткізу мүмкіндігі төмен, – деді басқарма басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы. 

Егінмен нәпақасын айырып отырған шаруаларға бүгінде су екі есе қымбат тарифпен беріліп жатыр. Мұның себебін басқарма басшысы Бадырақов Бөген су қоймасының бөлігі саналатын Бөген қашыртқысы және Түркістан магистралды каналындағы қашыртқыларының уақтылы тіркеу жұмыстары жүргізілмегендігімен түсіндірді. 

Атап айтқанда, Шаян, Бестоғай, Жетіқұдық, Мыңбұлақ қашыртқылары Әділет департаментіне меншікке иелікті тіркеу жұмыстары Қазсушар РМК тарапынан 2020 жылдың желтоқсан айында жүргізілген. Осы тіркеу жұмыстары уақытылы жасалмағандықтан нысандар әлі күнге дейін Қазсушар РМК балансында тұр. Салдарынан артық суларды қашыртқыға тастау жұмыстарында киыншылықтар туындап, шаруалар суды қымбатқа сатып алып отыр. 

Жоғарыдағыларға байланысты, облыстық меншікке берілген су нысандарында іске асырылып, аяқсыз қалдырылған құрылыс жұмыстарын аяқтауға және осы нысандардың ажырамас бөлігі болып саналатын бөліктерді облыстық коммуналдық меншікке өткізу бойынша «Қазсушар» РМК-ге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязовтан тапсырма беруін сұраған болатынмын, – деді Бадырақов. 

Бөген арнасы – оңтүстіктегі су нысандарында күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған. Бұл мекемеде 183 штаттық бірлік қызметкер жұмыс атқарады. Қызметкерлердің негізгі бөлігін инженер-гидротехниктер, инженер-гидрометрлер, техниктер, су реттеушілер, су бақылаушылар құрайды. Олар әр каналдардың арақашықтығы ұзақ болуынан, әрі ашық аспан астындағы далалық жұмыстарды күндіз-түні, ыстық-суықта, ауа райына қарамастан каналдың бойында қызмет атқарады. Магистралды каналдар арқылы егістік алқаптарға ағын су таратуды жүзеге асырады. 

Айталық, өңірде ұзындығы 142 шақырым Түркістан магистралды каналы, 59,7 шақырым Арыс магистралды каналы, 24 шақырымды құрайтын Қараспан магистралды каналы бар. Бұл бір маманға шамамен 3,0-3,5 км келеді.

Өзгелердің жаңалығы