Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Осыған орай, біз 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оны Түркі университеттері одағы аясында өткізуге болады, - деді ол.
Президент академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасау керек екенін айтты.
Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан, 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін айтты.
Түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш, - деді ол.
Ол келешекте Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болатынын айтты.
Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді, - деді Тоқаев.