Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі күн Елбасының Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Осы орайда Өскемен қаласында зобалаң жылдардың құрбандарына арналған көрме өтіп, жоғары оқу орнының базасында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңы атылды. Жоспарлы әрі үнемі ұлғаю бағытында жүргізілген «халық жауларымен күрес» жұмыстарының салдарынан тек 1937 жылдың өзінде ғана 7,5 мың адам қамалып, 2,5 мыңы атылды. Бұл жылы Шығыс Қазақстан өңірі бойынша 1350 адам тұтқындалып, оның 300-і атылды.
«Бүгінгі күн өте маңызды күн. Бұл күн біз үшін ғана емес, сондай-ақ келешек ұрпақ үшін де өте маңызды. Өйткені ол еліміздің тарихы. Қазіргі уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тек арнайы органдар мұрағаты ғана ашылып қоймай, сонымен қатар әр адам өз бетінше зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Елімізде жүз мыңнан астам адам сотталып, 25 мың адам атылды. Олардың 3800-і біздің жерлестеріміз. Сүт бетіндегі қаймағымыз саналатын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды арыстарымыз осы жылдардың құрбаны болды. 100 мың адам Қазақстан үшін өте үлкен шығын. Бұдан бөлек Ұлы Отан соғысы жылдары елімізге неміс, шешен және тағы басқа ұлт өкілдері депортацияланды. Халқымыздың еңбегінің, ашық жарқындылығының арқасында олар аман қалды», - деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да ұйымдастырылған көрме жұмысымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов.
Кешегі депортацияланған ұлттардың ұрпақтары бүгінде еліміздің толыққанды азаматына айналғанын алға тартқан ол бұл жылдардың ақтаңдақтарын әлі де зерттеп-зерделеу қажеттігін айтты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы мақсатқа арнайы қаржы қарастырылуы мүмкін екенін тілге тиек еткен өңір басшысы бүгінде облыстағы мұражайлардың құнды жәдігерлері жүйеленіп, бір тәртіпке келтірілгенін хабарлады.
Сондай-ақ бүгін С. Аманжолов атындағы ШҚМУ базасында «Кеңес кезеңіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандары: зерттеулер және естеліктер» тақырыбымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
«Бұл күн Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1997 жылдан бері аталып келеді. Аталмыш конференция тарих парақтарының ақтаңдақтарын тағы бір саралауға арналады. Бүкіл түркі мемлекеттерінде саяси қуғын-сүргін салдарынан 170 миллионға жуық адамның өмірі қиылды. Сол құрбандардың үштен екісі коммунистік жүйеден зардап шеккендер. Бұл қасірет қазақ халқын да айналып өтпеді. Осы жылдары біздің қаншама арыстарымыздың өмірлеріне балта шабылды» - деді конференция ашылуында алғашқы сөз кезегін алған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ректоры, профессор Мұхтар Төлеген.
Бұдан бөлек, бүгін облыс орталығының теміржолшылары көп шоғырланған Защита шағын ауданындағы бір көше «Түрксіб» теміржолын жобалаған алғашқы қазақ инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың есімімен қайта аталды.
«Бүгін қаламыздың әр жерінде түрлі шаралар өтіп жатыр. Соның бірі әрі айтулы шара - белгілі инженер, «Түрксіб» теміржолын салуда бас жобалаушы болған Мұхамеджан Тынышпаевтың атына көше аштық. Бұл Тәуелсіздіктің жеңісі деп ойлаймын. Өткен ғасыр қазақ халқы үшін аса үлкен қасірет ғасыры болды. 30-шы жылдары орын алған аштық пен қуғын-сүргін салдарынан 2 миллионнан астам қазақ қырылса, миллионнан астамы қыр асып, шетелден пана тапты. Бізге әр жылдары 800 мың неміс, 100 мың поляк, Солтүстік Кавказ, Қырым татарлары, грек, түрік ұлттары депортацияланды. Қиын-қыстау кезеңге қарамастан көңілі ашық қазақ келгендерді бауырына басып, аман қалуына жағдай жасады», - деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.