Түркі елдері әскери одақ құруы керек – Абзал Құспан

12 Желтоқсан 2023, 16:01
509
Бөлісу:
Түркі елдері әскери одақ құруы керек – Абзал Құспан
Фото: Артём Чурсинов

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан BAQ.KZ тілшісіне Астанадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығында айтты.

Түркия мен Қазақ елінің арасындағы байланыс – тарихи байланыс, біз ортақ мәдени кеңістікте орналасқан елдерміз. Ол – даусыз дүние, - деді депутат.

Ол соңғы кездегі геосаяси жағдайларға байланысты түркі елдерінің бірігу процесі күннен-күнге артып жатқанын айтып, оны «дұрыс, маңызды қадам» деп бағалады. Биыл Қазақстан Парламенті түркі елдерінің инвестициялық қоры туралы шартты ратификациялағанын еске салды.

Бұл – жалпы түркі елдерінің бесінші халықаралық келісімі. Бұл жұмыстар жалғасын табады деп сенемін. Маған салса, болашақта әскери бағытта да жақындасуымызды ары қарай жалғастыра беруіміз керек, - деді Абзал Құспан.

Ол Еуроодақ елдері түркі елдері сияқты тарихы бір, мәдени кеңістігі бір болған соң бірігіп, кейіннен НАТО-ны құрғанын айтты. Депутаттың ойынша, түркі елдері де осы бағытта ілгері жылжи беруі қажет.

Түркі елдерінің одақ құруға тарихи құқығы бар. Ешбір мемлекеттің бірікпеңдер деп айтуға, кедергі жасауға моральдық та, заңдық та құқығы жоқ. Еуроодақтың құрылуы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталды. Бірақ күні кеше құрылды. Бұл да сондай ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Бірақ біз осы бағытта тоқтамай, ілгері жылжи беруіміз керек, - деді ол.

Сондай-ақ Абзал Құспан түркі елдерінің одақ құруы басқа елдерге тиімсіз болса да, олардың бірігуін ешкім тоқтата алмайды деп есептейді.

Әлем бойынша кез келген ірі мемлекеттердің одағы болуына осы кезге дейін өзінің үстемдігін жүргізіп отырған елдер, әрине, мүдделі емес. Болашақта да мүдделі болмайды. Сондықтан біз оған назар аудармауымыз керек. Қалай болғанда да бірігу процесі жүріп жатыр. Бұл жерде мемлекет басшыларынан бөлек халықтардың бір-біріне тартылыс күші бар. Оны ешкім тоқтата алмайды, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы