Тәуелсіздік алған жылдары елімізге жан-жақтан түрлі діни ағымдар ағылып келді. Солардың ішінде ең кең етек жайғаны сәләфизм ағымы болды. Олар осы кезге дейін ислам дінінің атын жамылып қазақы құндылықтарға қарсы идеологиялық жұмыстар жүргізумен айналысты. Соңғы уақытта ел арасында тағы бірнеше топ пайда болғандай. Олар сәләфизмге қарсылық білдіргендей сыңай танытқанмен түпкі ойларынан исламға, қазақтың тарихына, сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-санасына қарсылық танытып жүргені байқалады.
Осы ретте қазақтың хат тануы мен архивтерде сақталған тарихына қатысты белгілі исламтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Садуахасұлымен сұхбаттасқан едік.
– Жалғас Садуахасұлы, қазір қоғам арасында «Араб болма, қазақ бол» деген сөз жиі айтылып жүр. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Қазақ көреген, көзі ашық адамды «оқыған адам», «кітап көрген», «кітап ұстаған» деп құрмет тұтады. Бала кезімізде осындай сөздерді естеген уақытта арнайы бір үлкен кітап бар. Оны көрген, оқыған адам ақылды, білгір, адамдар арасында абыройлы болады. Халық сондай адамдарды «кітап көрген» деп атайды деп ойлап өстік. Сөйтсек расында да бұл сөздің төркіні сонау ертеректен бастау алады екен. Ол уақыттарда қазіргідей жалпы орта білім беретін немесе арнайы кәсіби оқу орындары жоқ. Білім алуға әркімнің қолы жете бермейтін уақыт. Білімді тек ауылдағы молданың алдынан немесе алыс жердегі медреседен алуға ғана болады. Мұны Абай да:
Адамның бір қызығы - бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, - деп баяндаған.
Десек те баланы медресеге беріп оқытуға әркімнің шамасы келе бермейтін. Өйткені өзіңнің ішіп-жеміңнен бөлек баланың оқу ақысына пұл қылып беремін деп арнайы ұстап отырған малың болуы да қажет еді. Солай бола тұра қазақ баласын оқытқан. Міне, молданың алдында отырып тәлім алып, араб әліпбиін танып, жазуды үйреніп, шығыс, парсы ғалымдарының еңбектерімен танысып және Құранды қирағатпен (ережемен мәнерлеп оқу) оқыған адамды қазақ «оқыған адам» деп атаған. Әсіресе, балаларға тәлім беріп, ешкімнің ала-жібін аттамай, алдына келген науқастарға дем салып, мұсылманшылықпен ем-дом жасаған діндар адамды «кітап көрген», «кітап ұстаған» деп қатты құрмет қылған. Әрине, қазақтың мұндағы «кітап» деп отырғаны – Құран екені даусыз. Құран – білім мен ғылымның қайнар көзі болғаныдықтан ескіде Құранды жүзіне қарап оқи білген адам, қалам ұстап жаза да білген.
– Мүмкін сол кездегі медреселердің білім беру тәсілі өзгеше болған болар?
Ал енді медресеге келер болсақ, медресенің қазақ даласындағы орны айырықша. Тіпті 19 ғасырдың соңы мен 20-шы ғасырдың басына дейін қазақтың заманауи білім алуына орасан үлес қосып келген осы медреселер. Алғашқы сауатты ауыл молдасынан үйреніп, ары қарай Бұхара, Самарқанд, Хиуа (Көкілташ, Мир-араб, Ұлықбек, Шер-Дор), Қазан (Мұхаммадия, Маржани медреселері), Уфа (Ғалия) және т.б. Мұнда еліміздің беткеұстар азаматтары, алаш қайраткерлері Мағжан Жұмабаев пен Бейімбет Майлин сыңды т.б. аяулы ұлдары білім алған. Әр өңір халқы өздеріне жақын жақтағы медреселерден тәлім алды. Мысалы, Троицкідегі «Расулия» медресесінде Торғай, Семей, Ақмола, Орал облыстарының қазақ балалары білім алды. Ал XIX ғасырдың басында қазақ баласын сауаттандырудағы медреселердің рөлі де саны да арта түсті. Атап айтқанда, Верныйда Ғабдулуалиевтер, Ақсуда «Мамания», Қапалда «Якобия», Зайсанда «Қазақия» және «Ғизатия», Қарғалыда «Әмирия» және тағы басқа медреселер ашылды. Бұл оқу орындарының шәкірттері жылдан-жылға көбейіп отырған. Мысалы, Қарғалыдағы «Әмирия» медресесінде 1912 жылы 150-ден артық бала дәріс алды.
Медресе шәкірттері діни сауат ашып қана қоймай, мантық, физика, астрономия, георграфия, алгебра, әдебиет, көркем жазу сияқты пәндерді оқыған. Қысқасы медреседе шәкірт дүниелік һәм ақыреттік білімдерді үйренді. Сөйтіп араб каллиграфиясымен оқып-жазуды меңдеріп шыққан медресе түлегі ата-бабасының мирас етіп қалдырған сара жолын жалғастырып, адалдықты, имандылықты, адамдықты, жақсылықты үндеді.
Мұсылманша тәлім шәкірт уақыты келгенде ел ішінде бала оқыту ісіне белсене араласуының арқасында надандыққа, қараңғылыққа тұсау салынды. Қазақтың мұң-мұқтажын арқалаған, көп болмаса да, санаулы басылымдардың жарыққа шығарып, алаш жұртына таратқан да осы медресе түлектері еді. «Қазақ» газетінде жарияланған Ахмет Байтұрсыновтың «Бастауыш мектеп» мақаласында: «…Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деген құр әурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды. Қазақта газета, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газета, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан жылға ілгері басып келе жатқанда, қазақ тілі жоғалмас. Олай болса, мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пікірден үкімет безіп, тиісті бастауы мектеп екі жаққа да зиянсыз, пайдалы болуын көздеу», – деп жазуында үлкен мән бар.
Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзі бүгінгі исламофобтарға, дәстүрмен тарихи және мәдени үндескен дінге қарсы шығушыларға, «біздің бабаларымыз мұсылман болмаған, араб хәрпі бізге жат» деуші ұстаным өкілдеріне, неотәңіршілдер мен агностиктерге, коммунизмді аңсайтын атеистерге бағытталғандай. Жоғарыдағы Ахмет Байтұрсынұлының мақала үзіндісінен анық байқалғандай қазақ даласына миссионерлерді жіберіп, оқу, оқыту жүйесін орыстандыру саясатын қолға алу арқылы халықты төл діні мен тілінен, жазуынан айыруды мақсат тұтқан. Орта Азия мен Кавказ түркі халықтары арасында Н.И.Ильминский, Н.Н.Остроумов, А.Васильев, И.Я.Яковлев және т.б. миссионерлердің ұлттық құндылықтарға қарсы жұмыс жасаулары осының дәлелі.
– Соның зардабын күні бүгінге дейін көріп келеміз десек те болады ғой.
– Дұрыс айтасыз. Мұның зардабын күні бүгінге дейін көріп келеміз десек қателеспеген боламыз. Мысалы, қазірде қоғамдағы мұсылманшылыққа, «тслам ғылымға қарсы», «ислам түркі мәдениетін жойды» деген сияқты жалған ұрандар халық тарихының көптеген жазба мұрасы сақталған араб харпіне деген фобия (қарсы шығу, жеккөру) тудырып, түрлі формаларда өршіп тұр. Асылында қазақ халқының әдеби жазба мұрасы осы араб хәрпінде сақтаулы. Ата-бабаларымыз ескі түркі (шағатай) тілінде оқып-жазған. Қарахан мемлекеті түсында жасалып, қолжазбасы ыстанбул қаласы Түрік және Ислам музейінде сақталған, 2021 жылы Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран» (X ғасыр. Факсимиле. Ыстамбул тием 73 нұсқасы) осының айқын дәлелінің бірі.
Тіпті, алысқа бармай-ақ, қазақ поэзиясының ұлы тұлғасы дана Абай араб, парсы, ескі түркі тілдерінде жазылған Шығыс шайырларынан нәр алған:
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммаси, Мәдет бер, я шағри фәрияд, – деп, Шығыстың ұлы шайырларын құрметпен атайды.
Шайыр демекші қазақтың ертедегі ақын-жыраулары, жазушыларының барлығы дерлік дінді, Құдай мен адамның қатынасын, адам өміріндегі иманның орны мен маңызын, обал мен сауапты, шариғат шарттарын өлеңдеріне арқау етіп, мұсылманшылықты насихаттаған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көбейұлы:
Бұ жалған аз күн ермек көңіл бөлмек,
Құдайдың қылғанына пенде көнбек.
Бір Құдай тумайтұғын, тудырмайтын,
Онан өңге нәрсе туып, өспек!
Ойлашы: болған не бар – кәф пен нунсыз,
Жалғанға кім айтшы келген мұнсыз?!
Сөзімде қате (хата) болса, сөкпе, ағалар.
«Ай кірсіз, - демеді ме, - Құдай мінсіз!», - деу арқылы Құдайдың болмысы мен бірлігін, Оның құдіретін сомдаумен қатар, араб харіптерінің ерекшелігін түсіндіруде. Болмыс әлемінің Алла Тағаланың «Бол!» деген әмірімен пайда болғанын баяндауда.
Төте жазудың негізін қалаған А. Байтұрсынұлы, Құранның 13-парасын жаттаған С. Торайғырып, «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегінің авторы, ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин сыңды ұлт жанашырлары мен тәлімдерлері де имандылық пен дәстүрдің жібін үзбеген. Алаш зиялысы Ғұмар Қараш:
Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал,
Құралсыз шекпе сапар, жолың болмас.
Айырылма, жатсаң-тұрсаң Құранды ұста,
Жол бастар қараңғыда ол бір жолдас, - деп жырлаған. Осы және т.б. қазақ зиялылары араб хәрпімен сауат ашқан. Ислам мәдениеті мен ғылымы түркі халықтарының ұлттық бірігейлігімен мұрасын сақтап қалуына үлес қоспаса, зиян келтірмеді деп сеніммен айтуға болады. Жаһандану заманында да дін мен дәстүр сабақтастығы рухани құндылықтар мен мәдени мқраны жандандыру арқылы қазақ халқының бірігейлік ерекшелігінің сақталуына зол үлес қосып отырғаны анық.
– Дегенмен, уақыт өзгерді. Кезінде араб жазуымен сауат аштық. Енді бізге болашаққа қарайтын уақыт келген шығар.
– Егер болашаққа ұмтылу тарихты ұмыту деп есептесеңіз, онда қателесесіз. Қазақстанда Араб жазуы ислам дінімен бірге 7-9 ғасырлар аралығында таралған. Араб жазуы алғашқыда «қадым», кейін «төте» жазу үлгілері түрінде Қазақстанда 1928 ж-ға дейін пайдаланылып келді. Жазу тіліміз латын, кейін кирилл хәріптеріне ауысқан мерзімге дейінгі білім мен ғылым, мәдениетіміз қағаз бетіне араб харпімен түсіп отырды. Мүнда қазақ халқының халық ретінде қалыптасуы ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мұрасы сақтаулы. Егер өз тарихымыз бен мәдениетімізді дұрыс тануды мұрат тұтсақ, онда қадым түркі мен төте жазуларын жетік тануға күш салмақ лазым. Қазақстан мен көрші мемлекеттерде, тіпті Иран мен Түркия мұражайларында да түркі тілінде жазылған әдебиеттер шексіз көп. Мұнда түркі халқының және қазақ елінің құнды тарихы араб харпімен жазылған көне кітаптарда шаң басқан сөрелерде ұмыт болып жатыр. Қазақ хандарының көрші мемлекет патшаларына жазған хаттары, Орта Азия ғалымдарының шығармалары, ғұндардың, түркілердің, Түркістан аймағына қатысты тарихи және мәдени мәліметтер сақтаулы.
Мысалы, 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ҚР Ұлттық музейінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен және Түркияның Қазақстандағы елшілігі, сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейінің қолдауымен «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрменің ашылу салтанаты өткен болатын. Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орталық Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылған. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты бір ғана Османлы мұрағатынан алынған.
Түркияда бұған басқа «Сүлеймания кітапханасы», «Millet Yazma Eser Kütüphanesi» (Ұлттық қолжазбалар кітапханасы) сияқты т.б. бірқатар ірі әлемдік деңгейдегі мұражайлар мен мұрағаттар бар. Бұл орындарда да Қазақстанның мемлекеттілігіне қатысты қанша құнды құжаттар бар екені беймәлім.
Мәселен, мен жұмыс жоспарына сәйкес Қазақстанның мемлекеттілігі мен тарихына қатысты қолжазбаларды анықтап, зерттеу жасау мақсатында Түркия Республикасы Сүлеймания сирек қолжазбалар кітапханасына барған едім.
Сүлеймания сирек қолжазбалар кітапханасы қор жағынан VIII-XIX ғғ. жататын 73 мыңға жуық қолжазбалары, 50 мыңнан астам басылым кітаптары бар ірі қітапхана санатынан есептеледі.
Кітапханаға кірген уақытта назарыма түскен дүние: Кітапхана қызметкерлері келген зерттеушіден жеке куәліктен басқа еш нәрсе талап қылмайды. Онда да жеке басыңызды растайтын куәлікті сіздің заттарыңызды қою үшін берген сөренің кілтін ұмытпай қайта өткізу үшін алады екен. Әлемдік деңгейдегі кітапхана болса да сіздің келген еліңіз, қызмет орны, мекеме, оны растайтын құжат, зерттеуші екеніңізді растайтын анықтама тағысын тағы деген сияқты сұрақтармен мазалап немесе құжат толтыртпайды. Дүниенің төрт бұрышынан ғылым іздеп келіп жатқан зерттеушілер жетіп асады. Каталогтардың барлығы цифрланған. Күзетші сізді күліп қарсалып іштегі кітапхана қызметшісіне тапсырады. Ғылым үшін жағдай жасалған, есік барлығына ашық. Солай болуы да керек себебі, ғылым - адамзат үшін ортақ дүние.
Осы ретте ойыма дереу IX ғ. Мамун халиф салдырған "Байт әл-Хикма" (даналық ұйі) есіме түсті. Ислам академиясының басты мақсаттарының бірі – үнді, грек, қытай сияқты т.б. тілдеріндегі астрономия, математика, медицина, химия, метафизика, философия сынды шығармаларын араб тіліне аудару еді. Мұнда қандай тілде болсын білім туралы кітап алып келген адамға немесе аудармашыға сол кітаптың салмағымен тең күміс берілген. Шығарманың тіліне, оның авторының дініне қарап ажыратпады. Мұнда ғылым үйрену үшін жер жаһанның барлық тарапынан шәкірттер мен ұстаздар келетін болған (яһуди, христиан, буддист, мажуси). Ешкімді алаламады. Бұл тағы да мұсылман үмбетінің ғылым мен білімдегі ашықтығын айқындаса керек.
Мұнан соң Қазақстанның мемлекеттілігі мен тарихына қатысты қолжазбаларды анықтау үшін Стабмул қаласындағы «Millet Yazma Eser Kütüphanesi» (Ұлттық қолжазбалар кітапханасына) бардық. Кітапхана 1700-1701 жылдары ғалым Сайд Файзулла медресе ретінде салдырып, «Хадистер үйі» деп аталынған екен. Сондықтан болса керек кітапхананы тұрған бойы көне жәдігер музейі десе болады. Кітапхана қорында 28 тілде жазылған 27 603 шығарма сақталған. Мұның 6 998 қолжазба болса, қалғаны араб каллиграфиясымен жазылған ескі кітаптар құрайды.
Кітапханада жастарға, ғалым мен ізденушілерге әсіресе, жергілікті азаматар үшін көптеген жеңілдеіктер жасалған. Мысалы, Ұлттық қолжазбалар кітапханасында - ізденуші Түркия азаматы болса, оған қалаған әдебиетінен 1000 бетке дейін PDF нұсқасын тегін алуға рұқсат. Ал шетел азаматтары үшін әр беті ақылы (шамамен 2200 т.). Шығармалар цифрланған, PDF нұсқасын да алуға болады.
Іс-сапар мерзімінің қысқалығына байланысты кітапханаларда ойдағыдай зерттеу жұмыстарын жасауға мүмкіндік болмады. Әрбір кітапханада екі немесе бір жарым күннен ғана жұмыс жасадық. Дегенмен, соның өзінде елімізге, тарихымызға қатысты біршама қолжазбалармен танысып, сол жерлерде бар екнін біліп қайттық. Солардың бір қатарын төмендегі реттікпен атап көрсетуге болады:
-Тұран масаллары;
-Казак масалы;
-Түркістан ғұламасы;
-Мусаууир Түркістан тарихы және саяхатнамасы;
-Түркістан және Еуропа;
-Ғұндардың, Түркілердің, Моғолдардың және басқа да татарлардың жалпы тарихы;
-Түрік және татарлар тарихы;
-Канун Наме;
-Канун Мәдәни;
-Түркістан және Ресей;
-Көне тарих: Римдіктер, Византиялықтар, Иславлар, Түркілер және ирандықтар;
-Жәнаділ қаласы дастаны;
-Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтың Османлы Сұлтаны III Ахметке жазған хаттары. Бұл хаттардың қатарында:
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммед жолдаған он бөлек сый-сияпат тіркелген дәптердің көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы (1714 жылғы 16 қаңтар);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі (хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендері, әрдайым дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы 14 желтоқсан).
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтың Османлы Сұлтаны III Ахметке жазған хаттарының кейбірі мамандар тарапынан зерттеліп, қазақ тіліне аударылған болса керек. Алайда бұл жағдай жоғарыда аталған қолжазбалардың барлығы зерделенген, зерттелген дегенді білдірмейді. Бұған қоса өзіміздің де Ұлттық кітапханалар мен сирек қолжазбалар бөлімдерінде зерттеліп, қазақ тіліне аударуды қажет ететі қазақ тарихы мен мәдениеті, жазба және ауыз әдебиеті мен фольклорды қамтыған қадым және төте жазуымен жазылған қолжазбалар жоқ емес. Бұл ауқымды және араб хәрпін танып оқи алатын білікті кадірларды қажет ететін маңызды жұмыс. Ал енді қоғамдағы ислам діні мен араб графикасына қатысты исламофобтық көңілкүйдің қанат жайып келуі тарихи зерттеулер үшін ұтымды болмасы анық.
Қазақ баласы «Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда хандары жердің жүзін шаңдатқан» - демекші ата-бабасы мұсылманшылықты үстанған қазақтың тарихы мен мәдениеті, салты мен дәстүрі тұнып тұрған имандылық. Араб харпін білмейінше шынайы тарихымызды зерттейміз деу өзін-өзі алдау. Қадым және төте жазудағы түпнұсқалармен жұмыс жасамайынша Кеңес үкіметі тұсындағы сияқты қазақ өзінің төл тарихын империялық призма арқылы жазған ресей миссионерлері мен тарихшыларының шығармаларын оқып, сілтемелерін де соларға жасауы жалғаса береді.
Араб хәрпінен жатсыну бекершілік. Араб каллиграфиясы әлем өркениетіне айырықша үлес қосқан ғылым тілі, дүниеде мойындалған әлемдік (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз) алты тілдің бірі.
Араб тілі қазақ даласына Бұрһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Имад ад-Дин Әбу әл-Қасым әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Молла Ахмет әл-Женди, Хусам ад-Дин әл-Хусейн ас-Сығнақи, Әбу Абдулла әл-Баласағұни, Әбд әл-Ғафур әл-Кердери, Мұхаммед әл-Кердери, Хафиз ад-Дин әл-Кердери, Сайрамдық Ахмад әл-Исфиджаби сынды т.б. көптеген ғұламаларды берді.
Қадым тілдегі қолжазбаларды зерттеп, зерделеу арқылы көптеген жоғалтқанымызды кері қайтару мүмкіндігі мол. Жастарды араб хәріпнен алшақтатпай керісінше, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру үшін оларды ата-бабалар жазып қалдырған әдеби, тарихи және діни мәтіндермен таныстыру аға буынның міндеті болса керек.
– Жаңа бір сөзіңізде «түркі халқының және қазақ елінің құнды тарихы араб харпімен жазылған көне кітаптарда шаң басқан сөрелерде ұмыт болып жатыр» деп қалдыңыз. Оларды зерттеуге тіл мен білім қажет. Бірақ бүгінгі жастардың кітап оқуға деген ынтасы төмен екені айтылады. Бұл мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Түрік ағайындар мектеп жасындағы жастар мен ЖОО студенттерін кітап оқуға баулудың жолдарын тапқан сияқты. Бірде "Фатих орталық кітапханасына" бардым. Кітапхананың жұмыс кестесі 7/24. Бұған қоса кітапхананың ерекшеліктері:
1. Оқырманның басым бөлігі орта білім беру мектебінің келешек түлектері және студенттер;
2. Оқырман үшін шәй тегін;
3. кофе тегін;
4. Студенттерге түскі ас тегін;
5. Студенттерге кешкі ас тегін;
6 Рамазан айында ауызы берік оқырманға ауыз ашар беріледі.
7. Заманауи технологиямен қамтылған;
8. Электронды тіркеліп, кезегіңіз келген уақытта кітапхана мамандары сізді ішке алып арнайы орыныңызды көрсетеді. Қызығы әлі алда... Мен кітапханаға түске таяу барып тіркелдім. Маған "Kütüphane Sıranız:1512 B002" деген хабарлама келді. Менің кезегім 1512-ші екен. Кезегім келді, ішке кіргенімде кітапханадағы оқырман залдарының (сенбі күнінде) толып отырғанын көріп таңғалдым. Қызық көріп оқырман залдарын санаған едім, менің бірінші қабатта көргенім тоғыз зал болды. Барлығы лық толы. (Суретке ортадағы залды түсірдім.) Шығып бара жатып, тіркеу бөлімінің меңгерушісімен сөйлесіп: "Орта есеппен кітапханаға бір күнде қанша оқырман келеді. Шамалап айта аласыз ба?"- деп сұрадым. Маған жымиып қарап: "Бізде нақты сан бар. Бірақ, орта есепті айтатын болсам, күніне 1700 адам келіп кетеді" - деді. Мен санды нақтылау үшін тағы сұрадым. Сонда ол кісі: "Рас айтамын. Уайымдамай бұл санды қалаған жерде көрсетсеңіз болады" - деді. Бұл кітапхананың шығынын Станбул қала әкімдігі мен аудан көтеріп отырған көрінеді. Бұл ауданда мұндай 4-5 кітапхана жұмыс жасайды екен. Ал енді Стамбулда ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сәйкес 15 осындай (7/24, шәйі мен тамағы тегін) кітапхана бар.
Біз жастарымызға неге осылай жағдай жасамаймыз? Сонда қалалар мен аудандарда жүрген қанша жасты кітапқа баулу арқылы ғылым мен білімге тартып, көптеген қазақтың қаракөз балдарының болашағына білім шырағын жаққан болар едік.
Екі қолын қалтасына салып, сенбі мен жексенбі күндерінде пәтердің немесе жатақхананың төрт қабырғасынан жаны сығылып қымбат уақытын жай көшеде "өлтіріп" жүрген жастар аз емес деп ойлаймын. Сөйтіп жүріп келеңсіз жағдайларға тап болғандары да жоқ емес. Жастардың кітап оқуға ынтасының төмендігіне, білім мен ғылымға талабының жоқ екеніне мектеп мұғалімдері мен ЖОО-ның оқытушыларын сынағаннан гөрі жағдайымызға сәйкес осыған ұқсас дүниелер жасағанымыз әлде қайда ұтымды болатын шығар.
Бастапқы кезде кітапханаға жай жылы жер, наны мен шайы бар деп келіп жүрген студен кітапқа деген махаббаты ашылуы әбден мүмкін. Келешекте қазақтың әдебиеті мен өнер салаларына өзінің үлесін қосатын қанша жастарды шығаруға мұмкіндік туады.
Осы кейде «Ең үздік әкім» деген номинация тағайындалып, жергілікті басқару органдарының басшыларының есімдері аталып жатады. Міне, қалада, ауданда осындай «жалпы ағарту ошақтарын (кітапхана) ашу», «жастардың білім алуына жағдай жасау» деген сияқты критериилері қойылса. Ал жол салу, қаланы көркейту, коммунмкация жүргізу сияқты дүниелерді жасау онсыз да атқа мінер азаматтардың міндеті.