Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Орхоннан Орхан Ғазиге дейін» деп аталатын IV халықаралық археологиялық-мәдени экспедиция жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төртінші рет өткізіліп отырған биылғы экспедиция түркі әлемінің 2022 жылғы мәдени астанасы – Бурса қаласына ұйымдастырылып отыр.
Осыған орай Түркияға сапармен келген Түркі академиясы президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли экспедиция жұмысына қатысушылармен кездесіп, маңызды іс-шара туралы кеңінен мәлімет берді.
Ф. Мәжидлидің айтуынша, Бурса қаласының түркі әлемі киелі жерлерінің бірі ретіндегі тарихи маңызы зор. Сол себепті Түркі академиясы IV дәстүрлі археологиялық-мәдени экспедициясын “Орхоннан Орхан Ғазиге дейін” деген тақырып аясында осы өңірге арнап отыр.
Халықаралық Түркі академиясы “Түркі әлемінің киелі жерлері” жобасы аясында осындай дәстүрлі халықаралық археологиялық-мәдени экспедициялар өткізіп келеді. Экспедиция түркі әлемінің тарихы мен мәдениетінде маңызы зор киелі жерлерді зерттеу мен насихаттауға және түркі дүниесінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми іс-шаралар өткізу арқылы түркологиялық зерттеулерге үлес қосуды мақсат етеді. Осы орайда біздің алғашқы сапарымыз 2015 жылы Шығыс Қазақстанда “Алтын бесік Алтай” атауымен ұйымдастырылған болатын. Екінші экспедиция 2016 жылы Моңғолия аумағына “Тәңіртаудан Өтүкенге дейін” деген атпен жалғасын тапты. Үшінші экспедицияны 2017 жылы Қазақстан Республикасында “Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңаруы” тақырыбында өткіздік. Орхон аңғарында іргесін бекемдеген түркі мемлекеттілігі Осман мемлекетінің құрылуымен шырқау шыңына жетті. Сондықтан Бурсаға ұйымдастырылған бұл экспедицияның символикалық мәні зор, - деп атап өтті Академиясы президенті міндетін атқарушы.
Бағдарлама бойынша экспедицияға қатысушылар аталған өңірдегі тарихи орындарды аралап көреді. Атап айтқанда, Сегют маңындағы Ертұғырыл мазарына, Изниктегі Қырғыз кесенесіне және Бурса қаласындағы әйгілі Ұлы Жами мешітіне барып, тағзым етті.
Сонымен қатар, экспедиция аясында 130 жылдан бергі ең ауқымды тарихи-археологиялық жаңалық саналатын Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің халықаралық таныстырылымын өткізу жоспарланып отыр.
Экспедиция жұмысына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Мажарстан, Моңғолия елдерінен және Ресей Федерациясына қарасты Татарстан мен Башқұртстан Республикаларынан зиялы қауым өкілдері, танымал ғалымдар қатысуда.
Академия аталған экспедицияны келесі жылы Түркі әлемінің 2023 жылғы мәдени астанасы Шуша қаласында өткізуді жоспарлап отыр.