Туризм саласы. Елде қандай ірі жобалар жүзеге асырылды?

28 Ақпан 2022, 10:45
2410
Бөлісу:
Туризм саласы. Елде қандай ірі жобалар жүзеге асырылды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өтіп жатқан ішкі туризмнің проблемалары мен даму перспективаларына арналған «Үкімет сағатында» Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев туризм саласында іске қосылған жобалар туралы айтты.

Абаев дестинациясы ең жоғары 10 өңірде 2019-2021 жылдары жалпы сомасы 395,5 млрд теңге болатын 276 инвестициялық жоба пайдалануға берілгенін айтты. Сондай-ақ 5 200 жаңа жұмыс орны құрылды.

Былтырдың басынан бері жалпы сомасы 226 млрд теңге болатын 102 нысан іске қосылды. 2019-2021 жылдарда жүзеге асырылған ең ірі жобалардан: Түркістандағы «Керуен-Сарай» кешенін, «Rixos Turkistan» және «Hampton by Hilton» қонақ үйлерінАқтау қаласындағы «Rixos Water World Aktau» кешенін және «Tetys Blu» паркін, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Sheraton» қонақ үйінБурабай-Щучинск курорттық аймағындағы «Байтас» қонақ үйін, сондай-ақ «Swissotel Almaty», «Alazone Arena» және басқа да көптеген жобаны атап өтуге болады, - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, қазіргі күні инвестициясының жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны жүзеге асыру жалғасып жатыр, онда 7 500 жұмыс орны құрылады.

Оған қоса, бағалау сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба пысықталып жатыр, бұл қосымша 7 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, - деп айтты Мәдениет және спорт министрі.

Өзгелердің жаңалығы