Туризм, орташа айлық, су, газ мәселесі – Аюпов жаңа Түркістан жайында

13 Желтоқсан 2021, 10:25
3601
Бөлісу:
Туризм, орташа айлық, су, газ мәселесі – Аюпов жаңа Түркістан жайында

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанды облыс орталығының орталығына айналдыру шешімінен кейін қала гүлденіп, көркейе түсті. Қазіргі күні қала көз алдымызда өсіп келеді. 

Соңғы үш жылдың ішінде Түркістан облысында біршама ауқымды жұмыс атқарылды. Осы жылы Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» туристік кешені ашылды. Оны бүгінгі күні отандастарымыз «Қазақстанның Венециясы» деп атап кетті.

Өткен аптада қалада 5G желісі іске қосылды. Осы іс-шара кезінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов мырзамен тілдесуге мүмкіндік туды. Әкімнің орынбасары облыста атқарылған жұмыстар мен жоспарлары туралы ойымен бөлісті.

Түркістанды бүкіл Қазақстан жабылып салды

30 жылдық деген үлкен бақ. Өйткені жылдар бойы ата-бабамыз егемендікті армандап келді. Сондықтан 30 жылда Қазақстанда ауыз толтырып айтарлықтай жетістік өте көп, - деді Рашид Аюпов.

Ол Тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасқан Түркістан жайында сөз қозғады.

Түркістанға қатысты саяси шешім тарихи әділдік деп ойлаймын. Себебі бүкіл тарихи тұлғалар осында жерленген. Бүкіл тарихи шешім осы Түркістан қаласында болған. Соңғы үш жылда ұлттық идеяға айналған Түркістанды бүкіл Қазақстан жабылып салды. Соның арқасында шаһар Қазақстанның бүкіл әлемге көрсететін ерекше жобасына, жарнамасына айналды. 2019 жыл мен 2021 жылыстыру мүмкін емес. Өйткені қала толығымен 70%-ға өзгерді. Бірақ көзге көрінбейтін дүниелер де бар. Мысалы, газ саласы бойынша айтатын болсақ. Қаланың бар-жоғы 15%-ы ғана газбен қамтылған болатын. Сондай-ақ бұл коммерциялық жоба болғандықтан 300 мың теңгеден ғана қосылатын. Ал газдандыру кезінде қала ішінде 1 185 шақырым құбыр жүргізілді. Яғни бұл қаланың 100 пайыз территориясын қамтып отыр, - деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары.

Айтуынша, электр қуатының сапасын арттыру үшін 1 300 шақырым сым тартылды. Сумен қамту үшін 3 400 шақырым құбыр жүргізілді. Бүгінгі күні қалалықтардың 98%-ында таза ауызсу қолжетімді. 

Мұның бәрі жердің астында болған соң атқарылған жұмыстар көріне бермейді. Бұл жұмыстың барлығы тәуелсіздігіміздің жемісі, жеңісі, - деп атап өтті Аюпов редакциямызға берген сұхбатында.

Туризм, орташа айлық, су, газ мәселесі – Аюпов жаңа Түркістан жайында

Сөз арасында Рашид мырза облыс аумағында салынған су құбыры бойынша мәлімет берді. 

Бұған дейін облыс тұрғындарының арасында су құбырының құрылысы аяқсыз қалып, таза ауызсу халыққа әлі жеткізілмей отырғандығы туралы әңгіме болған еді. Осыған қатысты облыс әкімдігі түсініктеме берді.   

Ауызша ақпарат бергенде өзгерістер болады. Ғалымсайда 3,5 млрд текше метр су бар. Ол Кентау қаласы, Сауран ауданы мен Түркістан қаласының тұрғындарына жеткізіледі. Бүгінгі күні ол су барлығына жеткілікті деңгейде. Мәселе неде? Кентау мен Түркістан қалалары арасын 20 шақырым. Осы екі ортада су құбыры жарылған кезде, қала 2-3 күн сусыз қалған кездер болды. Сол кезде осындай әңгімелер болды. Соңғы уақытта Үкіметтің қолдауымен Сауран ауданында бір резервуар, Түркістанда екі резервуар салынды. Яғни бізде тәулік бойы шамамен 60 мың текше метр су резервте тұрады. Егер құбыр жарылған жағдайда құрылыс жұмыстары аяқталғанша, осы резервтегі су тұрғындарға жетеді. Оның барлығы бір ай бұрын толығымен қосылды, - деді ол,

Түркістан – туристер қаласы

Рашид Аюпов қаланың туристік әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті. Алдағы бірнеше жылда жергілікті меморган туристер санын 3,5 млн-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Түркістан – туристер келетін қала. Келетін қонақтардың саны өте көп. Осы жылы пандемияға мен шектеулерге қарамастан наурыз-шілде айлары араларында қалаға келетін туристердің саны 12 мың адамға дейін жетті. Мұндай көрсеткіш бізде тарихта болмаған. Сол себепті қазіргі есебімізге сәйкес туристер саны 9 айдың ішінде 1,2 млн-нан асып отыр. Қазіргі күні туристердің көп ағыны Ресей, Өзбекстан және Түркиядан келеді. Қалған туристерді қазақстандықтар құрайды. Осы жылдың өзінде шетелден 34 мыңға жуық турист келді. Туристерді қабылдауға барлық жағдай жасалған. Біз тек шекараның ашылуын ғана күтіп отырмыз. Шекара ашылғаннан кейін олардың саны 3,5 млн-ға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Себебі 2,5 млн-ға еш қиындықсыз жетеді. Оған еш күмәніміз жоқ. Өйткені «ашық аспан» режимінде жұмыс істейтін халықаралық әуежайымыз бар. Осылайша алдағы жылдары осы туристер саны 3,5 млн-ға жеткізуді көздеп отырмыз, - деп айтты ол.

10 сыртқы мемлекетпен әуе қатынасы орнатылады

Қай елдермен әуе қатынасы орнатылғанына тоқталды.

Бүгінгі күні халықаралық әуежайда аптасына 60 рейс жүргізіледі. Оның ішінде шетелге шығатындары да бар. Атап айтқанда, Бішкек, Ташкент, Стамбұл қалалары. Қазіргі күні Fly Dubai-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жақын арада қатынас орнатылады деп үміттенеміз. Одан бөлек, әрі қарай басқа қалаларды қосы бойынша да келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деп түсіндірді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов.

Ол атап өткендей, пандемияға дейін әуежай енді салынып жатқанда Үкімет мүшелері тікелей рейс ашу бойынша Индонезия, Корея, Сауд Арабиясы, Ресей және Еуропа мемлекеттерімен келіссөздерді басаған болатын. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Індет аяқталған соң кем дегенде 10 сыртқы мемлекетпен әуе байланысы орнатылуы мүмкін.

Түркістандықтардың орташа айлығы қанша?

Облыс әкімі орынбасарынан Түркістан облысы тұрғындарының орташа айлық жалақысы туралы да сұрадық.

Маған орташа айлық деген түсінік ұнамайды. Неге екенін білесіз бе? Өйткені «сіз ет жеп, мен нан жесем, екеуімізді бірдей бесбармақ жеді» деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Бірақ қазір орташа жалақы шамамен 280 мың теңге. Мен оған сенбеймін. Өйткені мен білетін миллионнан астам жалақы алатын мекемелер бар. «Кран жүргізетін және бетон, фасад орнататын мамандарға миллион теңге төлейміз» деген жарнаманы да көрдім. Сондықтан оны нақты айта алмаймын. Жылдың соңында статистикалық мәліметтен көре аламыз. Бірақ Түркістан облысы республика бойынша ең кедей деген сөз емес. Оның себебі бар. Бізде халық саны 2 млн адам. Мұндай халқы бар облыс жоқ. Сондықтан осы адам санына шаққанда орташа айлық төмен болып көрінуі мүмкін, - дейді ол.

Тәуелсіздікті патриоттық деңгейде атап өтуді ұсынды

Сөз соңында Рашид Аюпов қазақстандықтарды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Отандастарымды 30 жылдықпен құттықтаймын. Егемендігіміздің отыз жылдығы құтты, берекелі болсын. Жетістігіміз де, сын да аз емес. Осы 30 жылда өскен жаңа ұрпақ бізді келесі 30 жылда үлкен белестерге апаратынына сенемін. Сондай-ақ отандастарымыз Тәуелсіздік күнін Жаңа жылдан да жоғары патриоттық деңгейде атап өтуді ұсынамын. Әр отбасына бақ-береке, амандық тілеймін, - деп сөзін түйіндеді Рашид Аюпов.

Өзгелердің жаңалығы