Туризм-2021: Пандемия жағдайындағы саяхат

27 Шілде 2021, 12:17
4290
Бөлісу:
Туризм-2021: Пандемия жағдайындағы саяхат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда жазғы туристік маусым қызып тұр. Өткен жылы пандемияның салдарынан көптеген елдердің шекарасы жабылғаны белгілі. Карантиндік шектеулер салдарынан сапарларды кейінге қалдыруға тура келген жайттар көп болды. Алайда биыл шетел асып, күнге қыздырынғысы келетіндердің қатары көбейген сыңайлы. Ендеше қай елдерге баруға мүмкіндік бар? Карантиндік талаптар қалай сақталады?

Елімізде туристік маусым мамыр айында басталған көрінеді. Туристік бағыттар бойынша: Грузия, Египет, Түркия, БАӘ, Сейшел аралдары, Черногория, Өзбекстан, Хорватияға саяхатқа аттануға болады. Ал чартерлік рейстер Түркия, Египет және БАӘ елдеріне саяхатшыларды тасымалдайды.

Айнаш Алтынбекова, турагенттік қызметкері:

Дәл қазіргі сәтте туристік бағыттарымыз санаулы. Қазір Түркия мен Египет көп сұранысқа ие болып отыр. Себебі аталған елдер «all inclusive» немесе «бәрі енгізілген» жүйесімен жұмыс істейді және отбасылық демалысқа өте ыңғайлы.

Пандемия жағдайына байланысты әр елдіңе қоятын талаптары әр түрлі. Мысалы, Египетке баратын туристерде вакцинация құжаты болса, ПТР-сынамасын тапсырудан босатылады. Дегенмен, келесі шарттарды сақтауы керек. Вакцинация құжаты елдегі аккредиттелген зертханада тапсырылуы қажет. Қағазға шығарылған немесе электрондық түрде де жарамды. QR-коды болуы тиіс. Египет Pfizer, Moderna, AstraZeneca, Sinopharm, Sinovac, Sputnik вакциналарын мойындайды. Осы екпелердің екінші дозасын салдырған соң арада 14 күн өтуі керек. Ал Johnson and Johnson препаратын салғызған болсаңыз, бірінші дозасын алған соң 2 аптадан кейін Египетке бара аласыз.

ПТР-сынама міндетті ме?

Турагенттік қызметкерінің айтуынша, Түркияға баратын ережелерге 1 маусымнан бастап өзгерістер енгізіліпті. Ұшаққа мінерден бұрын 48 сағат ішінде антигенге экспресс-сынама тапсыруға болады. Сондай-ақ, соңғы 72 сағат ішінде тапсырылған ПТР-сынама да жарамды. Тұрып жатқан мемлекеттің ресми билігі берген егілу құжатын ұсынған туристер COVID-19-ға ПТР-сынамасының теріс нәтижесін көрсетуден босатылады. Тек вакцинаны Түркияға келерден бұрын 14 күн ішінде салдыруға тиіссіз. Сонымен қатар вакцинациядан өткеніңізді растайтын құжатты уәкілетті орган беруі және ағылшын тілінде жазылуы тиіс. Түркияға саяхаттардан бұрын соңғы 6 ай ішінде COVID-19-ға ПТР-сынамасы оң нәтижені көрсеткен жандар ПТР-сынамасы теріс деген анықтама ұсынудан босатылады. Сондай-ақ вакцинация құжатында QR-кодтың болуын міндеттеп отыр. Әйтпесе құжат қабылданбайтын көрінеді.

Жаңартылған қазақстандық егілу құжаттарында QR-код болғандықтан қазақстандық вакцинациялау құжаты бар туристер ПТР-сынама тапсырудан босатылары анық.

Елімізде түрлі нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін эпидемиологиядық мәртебені анықтау үшін Ashyq жүйесі жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Әуежайға кіретін жолаушы терминалдан өтіп, ұшаққа отыру үшін мобильдік қосымшаны қолдануға міндетті. Қауіпсіздікті талап еткенде осы факторды ескерген жөн.

Ал вакцинаның екі компонентін де салдырған болсаңыз, Грузияға барарда ПТР-сынаманы тапсырмауға болады. Бірақ Қазақстанға оралар кезде ПТР-сынама көрсетпесеңіз болмайды.

Шетел асып кеткен кезде тағы бір талапты есте ұстаған жөн: сынаманың түпнұсқасын, яғни қағаз түріндегі, көк мөр басылған, штрихкод, QR-коды бар болуы тиіс. Электрондық нұсқасы болса да, бәрібір қағаз түріндегі нұсқасы жаныңызда болғаны жөн.

Көптеген мемлекеттерде туристерге арналған ПТР-сынама мен вакцинация құжатын енгізетін электрондық қосымшалар бар. Саяхатқа шығар алдында баратын еліңіздегі қосымшаны жүктеп, тіркеліп қойсаңыз, артық етпейді.

Балалардан ПТР-сынамасы сұрала ма?

Тағы бір ескеретін жайт, балаларға қатысты әр мемлекеттің өз талаптары бар. Мысалы, Грузияға барар болсаңыз, бір жасқа толмаған балаға да сынама тапсыртасыз. Ал Египет 5 жастан, Түркия 6 жастан, Біріккен Араб Әмірліктері 12 жастан бастап ПТР-сынамасын сұрайды.

ПТР-сынаманың бағасын кейбір агенттіктер туристік пакеттің ішіне қосады. Ал кейбір туроператорлар бағаны арзандатып көрсету үшін туристер барған жерінде өздері тапсыра алатындықтарын алға тартады. Кейбір отельдерде ПТР-сынаманы тегін болатынын ескеріңіз.

Пандемия тур бағасына әсер етті ме?

Пандемия шетелде демалудың бағасына да біршама әсер еткен сыңайлы. Турагенттік өкілі баратын еліңізге қарай, мысалы, Түркия немесе Египетті таңдасаңыз, адам басына кем дегенде 300-400 мың теңгеңіз немесе 700-800 долларыңыз дайын болсын дейді. Доллар бағамының өсуіне қарай турлардың бағасы да 15-20%-дай артқан. Десек те, әлемді жайлаған індет салдарынан өзге елге демалысын жоспарлайтындар қатары азайса да, теңізді аңсағандар нар тәуекелге бел буады. Тек сақтық шаралары мен карантин талаптары сақталса болғаны.

Туроператордан кеңес

Шетелге демалысыңызды жоспарлайтын болсаңыз, ең бастысы медициналық сақтандыруды рәсімдеуді ұмытпаңыз. Әдетте стандартты пакет турдың бағасына кірсе, ковидтік медициналық сақтандырулар адам басына 50-60 долларды құрайды. Медициналық сақтандыру демалыс кезінде жазатайым ауырып қалсаңыз немесе шетелде тапсырған ПТР-сынамаңыз оң нәтиже көрсетсе, шығындарыңызды өтеп береді.

Өзгелердің жаңалығы