Түріктер Қостанайға ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу зауытын салмақшы

12 Наурыз 2021, 22:54
1718
Бөлісу:
Түріктер Қостанайға ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу зауытын салмақшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Konuklar Bakliyat» компаниясының түрік кәсіпкерлері Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобасына инвестиция салмақ.

Инвесторлар өз ниеттері туралы Түркиядағы ҚР Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған Қазақстанға сапары аясында хабарлады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, компания майлы және бұршақты дақылдарды өңдеу, тазалау және қаптау кешенінің құрылысына шамамен $3 млн инвестициялау мүмкіндігін қарастыруда.

Бұл жоба - түрік тарапының бастамасы. Инвесторлар жасыл және қызыл жасымық, нұт, үрмебұршақ, күнбағыс және т.б. өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Бұл компания Еуропа, Таяу Шығыс нарығында кеңінен ұсынылған және экспорттың тұрақты арналары бар. Сондықтан да бұл жоба табысты әрі экспортқа бағдарланған жоба бола алады, - деп хабарлады "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ Қостанай облысы бойынша өңірлік директоры Абылай Молдағұлов.

Бастапқы кезеңде жоба жылына 22 мың тонна өнімді қайта өңдеуді көздейді. Егер сұраныс артып, сапалы шикізат болса, инвестор жобаға инвестицияларды бірнеше есе арттыруға және өндірісті кеңейтуге дайын.

Түрік инвесторларының аймақ басшылығымен кездесуі барысында жобаны іске асыру шарттары талқыланды. Сондай-ақ, инвесторға ауыл шаруашылығын қолдау тетіктері мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі айтылды.

Сонымен қатар, делегация облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдің іскер топтар өкілдерімен кездесті. Келіссөздер нәтижелері бойынша тараптар сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы