Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біз Алматы қасіретінің орын алуына не түрткі болғанын түсініп, себебін анықтауымыз қажет. Бұл жұмыс басталды және құқыққорғау органдарымен бірлесіп жүргізіледі. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев зардап шеккен бизнесті қалыпқа келтіру және Алматыны одан әрі дамуы жөніндегі қалалық актив отырысында айтты.
Отырыс барысында қала әкімі қала тұрғындары үлкен қасіретке қарсы тұрып, табандылық танытқанын атап өтті. Сондай-ақ халық жарқын болашаққа бағыт беретін белгі күтіп отырғанын жеткізді.
Тұрғындарға, бейбіт отбасыларға, бизнеске үлкен залал келтірілді. Олар тап қазір жарқын болашаққа бағыт беретін айқын белгі күтуде. Қазір үмітсіздікке беріліп, қамығатын уақыт емес. Біз бірлесіп алға жылжуымыз керек. Әр күн және әрбір сағат маңызды,-деді әкім.
Тәртіпсіздік болған кезден бастап, ауруханаларға түрлі дене жарақатын алған, соның ішінде оқ тиіп, пышақпен жараланған 1259 адам жүгінген. 506 адам стационарларға жатқызылған, оның 436-сы үйлеріне шығарылып, 70-і ем қабылдауда, ал төртеуі жансақтау бөлімінде.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде әсіресе Жедел жәрдем қызметіне үлкен салмақ түскен. 200-ге жуық бригада өз өмірлерін қатерге тіге отырып, тәулік бойы аянбай еңбек ете білген. Барлық денсаулық сақтау ұйымдары штаттық режимде жұмыс істеді.
Төтенше жағдайда қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық жүйе өз жұмысын тоқтатпады. Қала біртіндеп қалыпты өмірге оралуда. ТЖ режимі алынып тасталды. Дегенмен терраристік қауіптің «қызыл» деңгейі сақталуда. Терраризмге қарсы операциялар жалғасуда. Біздің бірінші кезектегі міндеттеріміз залалдың мөлшерін анықтау және зардап шеккен азаматтар мен бизнеске көмек көрсету,-деді Сағынтаев.