Испания премьер-министрі Педро Санчес 29 қарашада мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтетінін жариялады. Бұл шешім парламенттің тұрғын үй дағдарысын шешуге бағытталған үкімет бастамаларын қабылдамауынан кейін қабылданды, деп хабарлайды ВВС.
Санчестің айтуынша, үкімет әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру үшін парламентте неғұрлым кең қолдауға ие болуы керек. Ол тұрғын үйдің қолжетімділігі, теңсіздік және мемлекеттік қызметтер мәселелерін шешу қажеттігін атап өтті.
Соңғы уақытта Испанияда тұрғын үй бағасының қымбаттауына байланысты наразылық күшейді. Сенбі күні Мадрид, Барселона және Валенсия қалаларында ондаған мың адам жалға алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді талап етіп, шеруге шықты.
Наразылыққа 87 жастағы Марикармен Абаскальдың оқиғасы да түрткі болды. Ол Мадридтегі үйінен шығарылғаннан кейін тұрғын үй дағдарысының символына айналды. Оның жалдау ақысы айтарлықтай өсіп, ай сайынғы зейнетақысынан асып кеткен.
Санчестің азшылық үкіметі жалға алушыларды қорғауға бағытталған екі шараны ұсынғанымен, парламент оларды қабылдамады. Үкімет осал санаттағы тұрғындарды үйден шығаруды уақытша тоқтатуды және жалдау шарттарын ұзартуды көздеген еді.
Премьер-министрдің Социалистік партиясы соңғы жылдары парламентте тұрақты көпшілікке ие бола алмады. Үкімет коалициялық серіктестері мен аймақтық партиялардың қолдауына сүйеніп келді.
Санчестің билігіне тұрғын үй мәселесінен бөлек, бірқатар сыбайлас жемқорлық даулары мен көші-қон мәселесіне қатысты сын да әсер етті.
Жалпы сайлау бастапқыда 2027 жылдың жазынан кешіктірілмей өтуі тиіс еді. Енді Испания азаматтары 29 қарашада жаңа парламент құрамын анықтайды.