Тұрғымбаевтың статистикасы. Елдегі қылмыстың бәрі азайған

12 Наурыз 2021, 11:13
2327
Бөлісу:
Тұрғымбаевтың статистикасы. Елдегі қылмыстың бәрі азайған

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ішкі істер саласына арналған Сенаттағы Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствода атқарылған жұмыстар туралы айтты.

2020 жылы қылмыс 37%-ға қысқарды. Тонау, қарақшылық, бұзақылық, зорлау саны 2 есе азайды.
Сондай-ақ кісі өлтіру мен денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері азайды. Ұрлық 52%, мал ұрлығы 40%-ға дейін төмендеді. Қоғамдық орындарда, көшелерде болатын қылмыстар 2 есе азайды. Қылмыстың ашылу деңгейі жақсарды. Жол-көлік оқиғасы саны 18%-ға, онда қаза тапқан азаматтар – 17%-ға, жарақат алғандар – 19%-ға қысқарды, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.
Ол ішкі істер органдарын реформалауды 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғанын, соған байланысты арнайы Жол картасы қабылданғанын атап өтті. 
Біріншіден, ішкі істер органдарының штат саны 11 пайызға қысқарды. Қажет емес 1483 басқарушы лауазым жойылды. Екіншіден, полиция сервистік модельге көшті. «Global Peace Index» рейтингі бойынша Қазақстан қауіпсіздік жағынан 163 мемлекет арасында 70-орында. Ал ТМД елдері ішінде 1-орын алды. Сауалнама аясында азаматтардың 37 пайызы полицияға толық, 38 пайызы жартылай сенетіндігі анықталды, - дейді министр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халыққа құлақ асатын мемлекет» қағидасын іске асыру үшін азаматтарды қабылдау тәртібі өзгерген. Барлық қала мен аудандарда 252 «Азаматтарды қабылдау» бекеті құрылыпты. 
Онда құқықтық және консультативті көмек беріледі. «Жолдағы қабылдау», «Ауладағы қабылдау» акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. 2020 жылы 361 мың консультация берілді, 205 мың өтініш қаралды. Әлеуметтік желілермен жұмыс күшейтілді. Facebook-те барлық полиция басшыларының жеке аккаунттары ашылды. Осы орайда аудандық басшылардан бастап департамент басшыларына дейін қамтылды, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Өзгелердің жаңалығы