Тұрды Төлекенұлы туралы жаңа деректі фильм жарыққа шықты

1 Желтоқсан 2022, 17:30
1760
Бөлісу:
Тұрды Төлекенұлы туралы жаңа деректі фильм жарыққа шықты
VIDEO

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қобда беті қазақтары (Монғолия) арасынан мемлекеттік лауазым атқарған алғашқы қайраткерлердің бірі Тұрды Төлекенұлы жайлы деректі фильм көрерменге жол тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Qazcontent» АҚ түсірген деректі фильмде 1931-1938 жылдары Монғолиядағы қазақ әкімшілік бірлігі Шеруші  қошуынының басшысы болған, 1934 жылы мемлекеттік ҮІІ Ұлы құрылтайға уәкіл болып қатысып, Кіші құрыл мүшелігіне сайланған мемлекет қайраткері Тұрды Төлекенұлының жеке тұлға болып қалыптасу тарихы баяндалады және оның саяси қызмет жолы көрсетіледі.

25 минуттық деректі фильмнің авторы – «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасының бас редакторы Алтынбек Құмырзақұлы.  Оның айтуынша,  туындыда тарихи тұлға туралы ел көп біле бермейтін деректер қамтылған.   

Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ халқы үштен бірінен айырылды», - деген дерек бар. Кеңес дәуірінде орын алған нәубеттен қаншама тарихи тұлғалар құрбан болды. Кеңес Одағынан кейінгі екінші коммунистік мемлекет ретінде құрылған Монғолияда да саяси-қуғын үлкен екпінмен жүріліп, ол Қобда беттің қазағын шарпыды. Мыңдаған адам «халық жауы» атанып, зұлмат құрбаны болды. Сол зұлматтан жапа шеккен жандардың бірі – Тұрды Төлекенұлы. Ол кісінің Қобда беті қазақтары үшін жасаған қайраткерлік істері деректі фильмде толық баяндалады. Тұрды Төлекенұлын халық жауы ретінде ұстап әкеткеннен кейін 53 жыл сергелдеңнен соң, оның қылмыс істемей, жалған жаламен ұсталып, ақтаңдақтың құрбаны болғаны дәлелденіп, ақталып шықты, - дейді Алтынбек Құмырзақұлы.

Авторға фильм түсіру туралы идея Монғолияға барған сапарында туындаған. 

Моңғолияға барған сапарымызда Тұрды Төлекенұлы туралы көптеген деректерге қанық болдық. Ол кісінің туған жеріне барып, салғызған мектепті, әкімшілік ғимаратының орнын көрдік. Бірақ осынау тарихи тұлғаға мемлекеттік деңгейде ұлықтау шаралары болғамағанына қынжылдық. Қазақтың қамы үшін бар ғұмырын арнаған, қазақтың тұрмысы түзеліп, ілім-білім алуына ықпал еткен, халқы үшін өмірін күреске арнаған Тұрдының өмір жолын ұрпаққа таныстыруды ниет еттік. Осы мақсатта көрерменге деректі фильмімізді ұсынып отырмыз, - дейді автор.

 «Қазақстан тарихы интернет-жобасы жыл басында «Әулет» жобасын түсіруді қолға алған болатын. Бұл бағдарлама қазақтағы текті (аристократ) кім, ол қалай қалыптасады деген сұраққа жауап іздейді. Бағдарлама аясында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Жеңісхан Дүзелбайұлы тағы басқа тұлғалар туралы фильмдер түсірді.

Өзгелердің жаңалығы