Қазақстанда жойылып кеткен жолбарыс табиғатқа қайта оралмақ. Алайда бұл қадам қауіпсіздік пен бақылауды қажет етеді. BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берген министрлік дайындық барысын түсіндірді.
Бүгінде жолбарыстар резерват аумағындағы арнайы вольерде өмір сүреді. Олар мамандардың күнделікті бақылауында. Ал күшіктері адаммен байланыссыз, жабайы ортада өсіріліп жатыр. Жобаның басты мақсаты - болашақта жолбарыстарды еркін табиғи ортаға бейімдеп, қауіпсіз мекендерге көшіру.
Жолбарыстарға қолайлы аумақтың жалпы көлемі 1 миллион гектардан асады. Бұл – адам мекендейтін аймақтардан тыс, жануарлардың еркін өмір сүруіне ыңғайлы аумақ, – делінген министрлік берген ресми жауапта.
Жолбарыстарды еркіндікке жіберу мәселесі қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Осыған орай келесі шаралар қолға алынған:
– барлық жолбарыстарға GPS-қарғыбау тағылады, олар нақты уақытта бақыланады;
– мал жайылатын аумақтар мен елді мекендердің айналасына қоршаулар орнатылады;
– жергілікті халыққа арналған оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады;
– арнайы жедел топ құрылып, қауіп төндірген жағдайда жолбарыстарды қауіпсіз аумаққа көшіреді.
Бұл кешенді шаралар адамдар мен жабайы табиғаттың қатар бейбіт өмір сүруіне жағдай жасауды көздейді.
GPS-қарғыбау жыртқыштардың қозғалысын нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді. Елді мекендерге жақындаса, жедел әрекет етуге жағдай жасалады, – делінген министрлік жауабында.
Еске сала кетейік, осыған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ресейден тағы төрт жолбарыс әкелінетінін айтқан еді.