«TURAN» этнофольклор ансамблі қандастар үшін онлайн концерт берді

24 Тамыз 2020, 14:25
2273
Бөлісу:
«TURAN» этнофольклор ансамблі қандастар үшін онлайн концерт берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» және «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп, «Ұлы дала елінен» атты әлемге әйгілі «TURAN» этнофольклорлық ансамблінің онлайн концертін өткізді. Халық мұрасын жаңғырту мақсатындағы рухани шара бірінші кезекте шеттегі қандастарға арналды.

Ұлттық музыкалық ұжым ұмыт бола бастаған төл аспаптардың сүйемелдеуімен үздік туындыларын орындады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен жүзеге асырылатын концерттің мақсаты – музыкалық өнер арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диаспорасына рухани қолдау көрсету, шетелдегі қандастармен байланысты нығайту.

Айта кеткен жөн, «TURAN» тобы төл өнерді қазіргі заманға сай лайықтап, жаңа форматта ұсынып жүрген ансамбльдердің бірі және бірегейі. 10 жылдық тарихы бар өнер ұжымы 70-тен астам шет мемлекетте 600-ге жуық концерт берген. Ансамбльдің құрамында Серік Нұрмолдаев, Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев сынды талантты мульти инструменталист музыканттар бар. Қазақ халқының 30-дан астам ұлттық музыкалық аспабы болса, музыканттардың әрқайсысы солардың бірнешеуінде ойнауды меңгерген.

Бұл сырттағы бауырларымызды қолдауға арналған концерт. Басты мақсатымыз – әлемді дүрліктірген осындай заманда шетелде тұрып жатқан барша қандастарымызға медеу болып, осындай рухани тұрғыда демеу беру еді, сондай-ақ қазақ тілін меңгеруде тұрғысынан арналған салт-дәстүрімізді дамыту. Бұл үлкен жобамыздың алғашқысы. Жоспарымызда тағы осындай екі керемет концерт ұйымдастыру бар, - деді «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов.
Концертті тікелей эфирде көре алмағандар үшін іс-шара «Отандастар қорының» «Otandastar channel» YouTube арнасында сақтаулы, ұлттық өнерімізді ұлықтаған концертті мына сілтемесі арқылы тамашалауға болады.



Өзгелердің жаңалығы