Turan ансамблі әлемдік турнеге аттанады

17 Наурыз 2023, 12:23
1705
Бөлісу:
Turan ансамблі әлемдік турнеге аттанады
Фото: Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметі

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солистері «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі 15 жылдық мерейтойына орай әлемнің көптеген еліне гастрольдік сапарларға шығады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ансамбль алғашқы халықаралық гастрольдік сапарын Америка Құрама Штаттарынан бастайды. Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінің шақыртуымен ансамбль Ұлыстың ұлы күніне орай 21-23 наурыз күндері Вашингтон қаласындағы әйгілі University of District of Columbia Тheater of Тhe Аrts сахнасында және әлемдік өнер мен мәдениетте, саясат пен экономикада ізі қалған қаншама атақты тұлғалар білім алған ірі білім ордасы Джордж Вашингтон университетінің сахнасында арнайы концерттік бағдарлама ұсынады.

Turan ансамблі әлемдік турнеге аттанады

Одан әрі түркі дүниесінің музыкалық бренді атанған ансамбль 1-17 сәуір аралығында Еуропаның бірнеше елінде өнер көрсетеді. Атап айтсақ, Францияның Париж, Бельфор, Лион, Швейцарияның Женева, Бельгияның Брюссель, Хорватияның Загреб, Словенияның Любляна, Австрияның Вена, Мажарстанның Будапешт қалаларында концерт береді. Іс-шараларға, сондай-ақ, Қазақконцерт солистері, белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев және виолончелист, Шанхай музыка консерваториясының магистранты Талғар Шалқарұлы қатысады.

Одан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде концерт қояды.

Айта кетейік, гастрольдік сапарлар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

«ТURAN» ансамблі 2008 жылы құрылған, заман талабына сай қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын дамытып, көне аспаптардың үнін жаңа үлгіде жаңғыртуға атсалысып жүрген өзіндік ерекшелігі бар өнер ұжымдарының бірі. Сондай-ақ, түркі әлеміне ортақ көмеймен ән айту өнерінің шеберлері. Ансамбль құрамындағы Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев 30-дан астам ұлттық аспапта ойнайтын шебер музыканттар.

«TURAN» этно-фольклорлық ансамблі 15 жылдың ішінде АҚШ-та бірнеше рет өнер көрсеткен. Түрлі жылдары Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Вашингтон, Бостон қалаларында  концерттер берген. Америкадағы Карнеги Холл, Кеннеди орталығы, Zellerbach Hall және тағы басқа сынды тек әлемдегі ең үздік, кәсіби шеберлігі жоғары музыканттар өнер көрсететін сахналарда жеке концерттерін берген.

Өзгелердің жаңалығы