"Тур де Франс". Қазақстандық шабандоз жеңімпаз атанды

3 Қыркүйек 2020, 22:20
1813
Бөлісу:
"Тур де Франс". Қазақстандық шабандоз жеңімпаз атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін велоспорттан әйгілі "Тур де Франс" додасының алтыншы кезеңі аяқталып, "Астана" командасы мен Қазақстан құрамасының капитаны Алексей Луценко жеңіске жетті. 

Olympic.kz сайтының хабарлауынша, алтыншы кезеңде спортшылар Ле Тей мен Эгуаль арасындағы 191 шақырымды жүріп өтті.

Мәре сызығы Эгуальда орналасты. Қазақстандық Алексей Луценко қарсыластарынан қара үзіп, мәреге бірінші болып жетті. Ол жарыс кезінде пелотоннан алты минутқа озық жүрді. 

Ал мәреге жақын тұста Луценко мен негізгі топтың арасы үш минутты құрады. Дегенмен, Фабио Ару (UAE Team Emirates) мен Хесус Эррада (Cofidis) біздің спортшыға айтарлықтай қарсылық көрсетті. 

Алайда, жарыс жолының аяқталуына он шақырым қалғанда Арудан қауқар кетті, ал Эррада соңына дейін күресті. Қалай болғанда да Луценко қарсыласынан оқ бойы озып, мәреге бірінші болып келді. Х.Эррада – екінші, Грег ван Авермэт (CCC Team) үшінші болды.

Өзгелердің жаңалығы