Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Алматыда Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті еске алды.
Бұл туралы десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мен әкемді үлгі тұтып, оның салған сара жолымен жүрдім. Елінің біртуар азаматы болған адамның ұлы болу – мен үшін үлкен мақтаныш, абырой. Ол кісінің бойыма сіңірген тәрбиесі, Отанын сүюдегі адалдығы – мен үшін үлкен мектеп болды. Мен сол мектептен кемелдендім»,- деді Сағадат Қожахметұлының ұлы, запастағы генерал-майор Талғат Нұрмағамбетов.
Қарулы күштеріміздің құрылуына және аяқтан тік тұруына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға осыдан 6 жыл бұрын – 2013 жылдың 24 қыркүйегінде өмірден озған болатын.
«Біз барлығымыз Қарулы Күштеріміз құрылған сол күрделі, қиын-қыстау кезеңді жақсы білеміз. Ол шынымен өзінің тағдырын әскери қызметпен байланыстырған әрбір адам үшін үлгі тұтар азамат болды»,- деді қызмет жолында бірге болған қаруласы, запастағы генерал-майор Алмазбек Абдрахманов.
Іс-шараның соңында батырдың тұрған үйіндегі ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, әскери оқу орындарының курсанттары мен тәрбиеленушілері салтанатты саппен жүріп өтті.