Тұңғыш Президентке сыйлаған заттардан көрме ашылды

4 Мамыр 2022, 17:20
1672
Бөлісу:
Тұңғыш Президентке сыйлаған заттардан көрме ашылды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш Президент кітапханасында «Ұлы дала ұландары» атты Қазақ тарихындағы батырлар, Ұлы Отан соғысының батырлары және Қарулы күштердің 30 жылдығына арналған көрме ашылды.

Кешенді түрде кітапхана қоры, тарихи деректер мен жәдігерлер қорының негізінде осы көрмені ұйымдастырып отырмыз. Біздің жинағымыздың ерекшелігі – Елбасына кезінде сыйға тартқан заттардан, деректерден, кітаптардан қалыптасуы, – дейді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләш Ақтаева. 

Көрме «Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы батырлардың рөлі мен орны», «Ұлы Отан соғысының батырлары» және «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері» бөлімдерінен құралған.

Экспозицияда Ұлы дала батырлары институтынан бастау алған қазақ сарбаздарының жауынгерлік ерліктерінің көп ғасырлық тарихын бейнелейтін тарихи, мәдени артефактілер ұсынылған.

Әсіресе биылғы жылы болып жатқан оқиғалар ой салып, тарихи санамыз бен саяси мәдениетіміздің жағдайын, қиын жағдайлар неден туындап жатқанын зерттеп, сол материалдарымызды кешенді түрде көрсеткіміз келді, – деп Елбасы кітапханасы директорының орынбасары көрме мақсатын айқындап кетті.

Айта кетейік, «Ұлы дала ұландары» көрмесі алдағы екі апта бойы елордалықтарға ұсынылады. 3 тілде экскурсия жүргізіледі. Ал 18 мамырда Щучинск қаласындағы кадет корпусына апарылады. 

Өзгелердің жаңалығы