Тұңғыш Президентіміздің есімін елордамызға берудің маңызы зор – Әшімбаев

25 Наурыз 2019, 12:24
2505
Бөлісу:
Тұңғыш Президентіміздің есімін елордамызға берудің маңызы зор – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның бас қаласында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтуде. Елордамыздың Нұр-Сұлтан қаласына өзгеруін қолдауға орай ұйымдастырылылып отырған алқалы жиынға Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев төрағалық етуде. 

Отырысты бастаған Мәулен Әшімбаев қазіргі уақытта еліміз тарихи кезеңді бастан кешіріп жатқанын атап өтіп, Елбасы өзінің президенттік өкілеттігін тоқтату шешімін барлық мәселені саралай келе сарабдалдықпен қабылдағандығын атап өтті. 

«Елбасы ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабылдайды. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашанда біздің Елбасымыз, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы тұлға, ел ішінде және халықаралық аренада орасан зор беделге ие әлемдік деңгейдегі саясаткер, аса көрнекті реформатор болып қала береді. Оның ерік-жігері мен табандылығының арқасында Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Тұңғыш Президентіміздің есімін елордамызға берудің маңызы зор екенін атап өтті. 

Осы орайда ол Елбасың Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Nur Otan партиясының төрағасы болып қала беретіндігіне, мемлекеттің стратегиялық дамуына айрықша ықпал ететін тұлға болып қалатындығына тоқталды. 

Айта кетерлігі, жиынға елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысып жатыр.

Еске сала кетейік, 23 наурыздан бастап Астана қаласы ресми түрде Нұр-Сұлтан деп аталды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдеме жасап, президент қызметін мерзімді сайлауға дейін Қасым-Жомарт Тоқаев атқаруға кірісті. 

Ел алдында ант қабылдаған Тоқаев салтанатты жиын барысында Қазақстанның бас қаласына Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсыныс жан-жақтан үлкен қолдау тауып, қазіргі таңда елдің бас қаласының атауы өзгертіліп үлгерді.

Ержан ЖАУБАЙ
Өзгелердің жаңалығы