Фото: Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті
Қызылорда облысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды электронды білезіктер арқылы бақылау нәтижесінде жыл басынан бері 104 құқық бұзушылық тіркелді. Олардың басым бөлігі сотталғандардың түнгі уақытта белгіленген мекенжайдан рұқсатсыз кетуіне байланысты болған.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, анықталған 104 құқық бұзушылықтың 97-сі сотталғандардың түнгі уақытта белгіленген мекенжайынан рұқсатсыз кетуіне қатысты. Тағы төрт жағдайда пробация қызметінің келісімінсіз әкімшілік аумақтан шығу дерегі тіркелген. Сонымен қатар үш электронды білезіктің бүлінгені анықталған.
Электронды білезіктер жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған, шартты түрде сотталған немесе қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін азаматтарға қолданылады. Құрылғылар тәулік бойы бақылау жүргізуге, сондай-ақ сот жүктеген міндеттер мен белгіленген шектеулердің орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Пробация талаптарын бұзғандар бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Жыл басынан бері Қызылорда облысында пробациялық бақылаудағы 24 сотталған жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мәселесін қарау мақсатында сотқа ұсынылған.
Жуырда пробация қызметінің есебінде тұрған тағы бір азаматқа электронды білезік тағылды. Ол қызмет талаптарын жүйелі түрде орындамай, сот жүктеген міндеттерден жалтарған. Қазіргі уақытта азамат электронды құрылғы арқылы бақылауға алынған.
Электронды білезік тағылған азамат өз әрекетіне өкініш білдіріп, құрылғының тәртіп сақтауына көмектесіп жатқанын айтқан.
Бұған өзім кінәлімін. Ұрлық жасап, оңай олжаға кенелгім келді. Маған да электронды білезік тағылды. Бұл құрылғы маған кедергі келтірмейді, керісінше, тәртіп сақтауыма көмектесіп отыр. Енді құқық бұзғым келмейді. Жазамды өтеп, пробация есебінен шығуды қалаймын, - дейді есептегі азамат.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметі сотталғандарды қоғамға бейімдеу, олардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.