Ақтөбеде полиция екі пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы ер адамды ұстады.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті пәтер ұрлығының алдын алуға және жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұрлықтың бірі Ақтөбе қаласындағы Ақжар-2 тұрғын алабында болған. Түнгі уақытта үй иелерінің екінші қабатта ұйықтап жатқанын пайдаланған ер адам тұрғын үйге кіріп, ақша мен алтын әшекейлерді қолды қылған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі шамамен 2 миллион теңгені құраған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жедел уәкілдер күдіктінің осы тұрғын алабында жасалған тағы бір пәтер ұрлығына қатысы барын анықтаған. Қазір қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысының Полиция департаменті.
Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция азаматтарды тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды. Мамандар есік-терезелерді сенімді түрде құлыптап, ақша мен бағалы заттарды қолжетімді жерде қалдырмауға кеңес береді. Үйден ұзақ уақытқа кететін жағдайда тұрғын үйді жақындарыңыздың немесе көршілеріңіздің бақылауына қалдырған жөн.
Еске сала кетейік, Астанада емделуші стоматологиялық емханада ұрлыққа түсті. Ол барсетканы жасырын ұрлап, ішіндегі ақшаны алып қойған.
Тағы оқи отырыңыз: Алматының қай ауданында ұрлық көп?