Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы, Қаражал қаласы Ақтай ауылы мен Қылыш елдімекендерінің тұрғындарына COVID-19 вирусына қарсы дәрілік препараттар үлестірілді. Дәрі-дәрмекті ауыл азаматы өз қаражатына сатып алған.
Бүгінгідей пандемия жағдайында ел азаматтары халыққа көмек қолын созып, қайырымдылық жасауда. Қаражал қаласының іргесіндегі Ақтай және Қылыш елдімекендерінің тұрғындарына ауыл тумасы Бауыржан Тажкеев дәрі-дәрмек таратты.
Бауыржан бауырым ауылға қайырымдылық көмек көрсетті. Ниеті қабыл болсын. Бар жақсылық Алладан болсын! Ауылымыздың халқы ауырмасын. Аман болайық. Осы қиын-қыстау кезеңнен аман өтейік,- дейді ауыл тұрғыны Сәкенай Ілиясова.
Халыққа таратылған қайырымдылық пакеттерінде COVID-19 вирусына қарсы қолданылатын препараттармен қатар, ыстықты басатын, иммунитетті көтеретін дәрілер де бар. Қайырымгердің айтуынша, Ақтай және Қылыш ауылдарының халқына таратылған дәрі-дәрмекке 830 мың қаражат жұмсалған.
Ауыл азаматтарының туған жерін, ауылын ұмытпай осындай қайырымды шаралар жасап тұрғаны өте игі іс деп ойлаймын. Жақсылықты, қайырымды істерді осылай жариялап отыру дұрыс деп санаймын. Ауыл азаматы Бауыржан бұған дейін де мешітімізге көмек қолын созған болатын. Қайырымдылығы сауаптан болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!,- дейді Ақгүл Жанабекова.
Ақтай және Қылыш ауылдарындағы 70-ке тарта үйге дәрі-дәрмектің таратылуына еріктілер қозғабыс етті.