Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айту бағытында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы қайта жалғасын табады. Бұл туралы ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан хабарлады.
Естеріңізде болса, мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айту бағытында «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы Алматы қаласында өте сәтті жүзеге асқан болатын. Бірақ бұл байқау тек Алматы қаласындағы мектептерді ғана қамтыған. Расында, телефонның тетігіне жіпсіз байланып, түрлі саладағы әдебиеттерді әлеуметтік желіге алмастырып жіберген ұл-қыздарымызға кітап оқытудың үлгісін көрсете алмай келе жатқанымыз жасырын емес... Өкінішке қарай, кітаптан алыстаған буынның қандай қадамдарға барып жатқанына қоғамдық-әлеуметтік өмірімізде мысалдар аз емес - деп жазды депутат.
«Nur Otan» партиясы жанындағы республикалық «Miras» Кеңесінің биылғы 22 сәуіре өткен жиынында мүшелер мен сарапшылардың, қоғам өкілдерінің баяндамалары, ой-пікірлері негізінде ҚР Үкіметіне бірқатар ұсыныстар берілген.
Кеңес жұмысының қортындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігіне «Qazaq Epos» қоғамдық қорының «Тұлпар мініп, ту алған» жобасын республикалық деңгейде жүзеге асыру ұсынылған. Байқаудың негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытып, патриотизмге баулу, тарихи-мәдени қазынамызды насихаттау, халық ауыз әдебиеті арқылы қазақ тілінің өрісін кеңейту. Ұсыныста тиісті мемлекеттік органға «Тұлпар мініп, ту алған» байқауын ұйымдастыруға республикалық деңгейде қолдау көрсету, байқауға қатысты 6-10 сынып оқушыларына арналған мектеп бағдарламасына сай әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету және жергілікті атқарушы органдарға барлық аудандардан байқауға қатысушы оқушылар мен ұстаздарды қамтамасыз ету, байқаудың мектепішілік, аудандық және облыстық кезеңдерін ұйымдастыру жүктелген - дейді Жанарбек Әшімжан.
Байқауды қаржыландыру жергілікті атқарушы органдар тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс болған.
Күні кеше бұл байқау Ақтөбе облысында ресми түрде жарияланды. Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Сонымен қатар, қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп, қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап береді. Кезең-кезеңімен жеңімпаз атанған жастарға және оларды дайындаған ұстаздарына қомақты қаржы да қарастырылған - дейді ол.
Байқау 2021 жылдың 25 қыркүйек - 5 қараша аралығында өтеді.
Жеңімпаз оқушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Аудандық кезеңде:
1-орын – 150 мың теңге;
2-орын – 100 мың теңге;
3-орын – 50 мың теңге.
Облыстық (қалалық) кезеңде:
1-ші орын – 750 000 теңге (біреу);
2-ші орын – 350 000 теңге (екеу);
3-ші орын – 200 000 теңге (екеу).
Облыстық (қалалық) деңгейдегі жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне арналған ақшалай сыйлықтар:
1-ші орын – 1 500 000 теңге (біреу);
2-ші орын – 700 000 теңге (екеу);
3-ші орын – 400 000 теңге (екеу).
Алдағы уақытта ұлттық бағытқа құрылған бұл жоба Қызылорда, Қостанай облыстарында өз жалғасын таппақ.