«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2023-2024 оқу жылына 850 білім грантын бөлді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметі бұл бағдарлама бойынша кімдер конкурсқа қатыса алатынын мәлім етті.
Биылғы жылы ҰБТ тапсырған (қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ сертификаттарының бірін ұсынуға болады) және ЖОО-ға түсу үшін шекті балдарды жинаған түлектер:
- ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы жағдайы төмен отбасылардан шыққан тұлғалар;
- жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан ҚР азаматтарының балалары;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар;
- төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының балалары.
Бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды.
Өтініш беру мерзімі - 10-17 тамыз. Құжаттарды ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы тапсыру керек. Бұл ретте грант иегері оқуын аяқтағаннан кейін оны өтеуге міндетті емес екенін айта кеткен жөн. Толық ақпарат @qazaqstanhalqyna.kz қорының сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланған, - делінген Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарламасында.