Қазақстандық түлектердің 30%-дан астамы алған мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі – білім беру бағдарламалары мен еңбек нарығының нақты сұранысы арасындағы алшақтық.
Қазіргі таңда түлектердің 30 пайыздан астамы мамандығына сай емес жұмыс атқарып жүр. Бұл мәселені шешу үшін ең алдымен білім сапасын арттыру қажет. 2025 жылы әсіресе жұмысшы мамандықтар бойынша 100 жаңа кәсіптік стандарт қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінгі күні бізде 864 бекітілген кәсіптік стандарт бар, осы құжаттардың негізінде оқу бағдарламалары жаңартылуы тиіс, – деді вице-министр.
Биахметовтің айтуынша, жаңа кәсіптік стандарттар еңбек нарығындағы трендтерді, соның ішінде жасанды интеллект, IT және инжиниринг салаларының дамуын ескеруі керек. Осы бағытта Еңбек министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Мақсат – түлектерге еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгерту.
Журналистің сұрағына жауап берген вице-министр мамандық бойынша жұмыс істемеудің бірнеше себебін атап өтті.
Мысалы, талапкер нақты бір мамандыққа түскісі келеді, бірақ ҰБТ-дан қажетті балл жинай алмайды. Нәтижесінде грантқа түсу мүмкіндігі жоғары басқа мамандықты таңдайды. Көп жағдайда бұл шешім ата-анасына салмақ салмас үшін, оқу ақысын төлемеу мақсатында жасалады. Осылайша адам бастапқыда қаламаған мамандық бойынша диплом алады, – деді ол.
Оның айтуынша, студенттердің бір бөлігі оқу барысында өз мамандығына қызығушылық танытып, соған сай жұмыс істейді. Алайда кейбірі диплом алған соң жеке қызығушылығы мен нарық сұранысына сай басқа салаға кетуді жөн көреді.
Сондықтан бұл жерде жүйелі жұмыс маңызды. Кәсіби бағдар беру мектептен басталып, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын өзектендіруге дейін жалғасуға тиіс, – деп түйіндеді Асқар Биахметов.