Қазақстан халқының цифрлық сауаттылығына таң қалдым - БҰҰ сарапшысы

12 Маусым 2020, 20:44
2129
Бөлісу:
Қазақстан халқының цифрлық сауаттылығына таң қалдым - БҰҰ сарапшысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев БҰҰ-ның цифрлық ынтымақтастығының жол картасын іске қосу онлайн-рәсіміне қатысып, баяндама жасады.

Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысы, Швейцария және Сьерра-Леона президенттері, Дүниежүзілік экономикалық форум, Mastercard, Дүниежүзілік ғаламтор консорциумы сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары және т.б. қатысты.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш онлайн-тұсаукесерге қатысушыларды құттықтай отырып, коронавирус пандемиясы цифрландыруға бағытталған әлемдік трендтің маңыздылығын, сондай-ақ осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттілігін көрсеткенін айтып өтті. Осыған орай БҰҰ әзірлеген Цифрлық ынтымақтастықтың жол картасында  цифрландырудың басым бағыттары мен халықаралық әріптестікті одан әрі  күшейту қадамдары қамтылған.

Жол картасында жазылған цифрлық теңсіздікті жою үшін ынтымақтастықты күшейту жөніндегі идеяны кездесуге қатысушылар бірауыздан қолдады. Швейцария Президенті Симонетта Соммаруга бұл құжат күшейтілген, ашық әрі  келісілген цифрлық басқару үшін маңызды кезең екенін атап өтсе, Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті Клаус Мартин Шваб байланыс желілерін салу кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидатын қолданудың маңыздылығына тоқталды. Mastercard-тың Бас атқарушы директоры Аджай Банга халықты цифрлық жаңашылдыққа ынталандыруды сөз етсе, WePROTECT Global Alliance негізін қалаушы Джоанна Шилдс барлық балаға қауіпсіз цифрлық болашақты қамтамасыз ету үшін бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Тұсаукесердің модераторы болған БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильд Қазақстанның цифрлық саладағы жетістіктеріне тоқталып, атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді және оның халықаралық процестегі рөлін атап өтті.

COVID-19 пандемиясының алдындағы сапарларымның бірінде Қазақстанда болып, "Digital Almaty 2020" форумына қатыстым. Сол кезде Қазақстанның халықты интернетпен қамтамасыз етудегі және цифрлық сауаттылықты арттырудағы жетістігіне таң қалдым, - деп атап өтті сарапшы.

Тұсаукесерде Қазақстан атынан сөз сөйлеген цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиев елімізде цифрландыруды ілгерілету бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. Осы саладағы негізгі құжат мемлекет басшылығының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы екенін, соның арқасында мемлекеттік қызметтердің 82% онлайн режимінде көрсетілетінін және бұл көрсеткішті 2020 жылдың соңына дейін 90% - ға жеткізу жоспарланғанын айтып өтті. Болашақта жасанды интеллект, 5G, деректерді талдау және басқа да бірқатар аспектілерді дамытуды көздеп отырмыз. Сондықтан, Цифрлық халықаралық ынтымақтастық Қазақстан үшін одан әрі дамудың маңызды компоненті болып табылады.

Осы жол картасының азаматтық қоғамның, ғылыми топтардың, технологиялық компаниялардың және жеке сектордың қатысуымен көпжақты цифрлық серіктестікті ынталандыратыны көңілімізден шығуда. Цифрлық ынтымақтастықтың нақты мысалы ретінде GIGA жобасын айтар едім, - деді Асқар Жұмағалиев.

GIGA жобасы 2019 жылы ұсынылды және білім саласы бойынша қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға бағытталған. Осы орайда шалғай ауылдарды кең жолақты Интернетпен қамтамасыз ету Цифрлық даму министрлігі жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өткен жөн. Осы мақсатта қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша шалғай ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, 250-ден астам адам тұратын елді мекеннің бәріне 3G/4G технологиясы бойынша жылдамдығы жоғары интернетті жүргізуді жобасы да жүргізілуде.
Өзгелердің жаңалығы