Енді барлық азамат үшін қолжетімді болатын тағы бір маңызды сервис – электрондық жеке медициналық кітапша іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа цифрлық құжат
Бүгінде бұл сервис eGov Mobile және Halyk мобильдік қосымшаларында қолжетімді.
Енді декреттелген кәсіптерде жұмыс істейтін қызметкерлерге қағаз түріндегі медициналық кітапшаны алып жүрудің қажеті жоқ. Телефондағы электрондық медициналық кітапшаны ашу жеткілікті, - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет міндетті медициналық тексерулерден өтуді қашықтан бақылауға мүмкіндік алды.
Егер жеке медициналық кітапшада медициналық тексеруден өту мерзімі өтіп кеткені анықталса, қызметкерді жұмыстан уақытша шеттету бойынша жедел шаралар қабылданады, - делінген хабарламада.
Қандай бірыңғай цифрлық экожүйе құрылды?
Қазақстанда алғаш рет келесі бағыттарды біріктірген санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай цифрлық экожүйесі құрылды:
- мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау;
- декреттелген кәсіптер қызметкерлерінің медициналық тексерулері;
- зертханалық зерттеулер;
- кәсіпорындардың өндірістік бақылауы;
- халықты вакцинациялау мониторингі.
Еске салайық, бұған дейін жеке деректер қауіпсіздігіне қатысты мемлекеттік органдар ақпаратты қалай қорғайтыны айтылды.