Қазақстанда мемлекеттік шығыстарды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір бюджет қаражатын жоспарлаудан бастап мемлекеттік сатып алу, қазынашылық атқару және онлайн-мониторингке дейінгі барлық кезең бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілген. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бірыңғай цифрлық жүйе әрбір теңгенің қозғалысын бақылауға және оның тиімді пайдаланылуын бағалауға мүмкіндік береді.
Келесі маңызды қадам – мемлекеттік шығыстарды цифрландыру, – деді Мәди Такиев.
Оның айтуынша, бюджетті жоспарлау кезінде фискалдық деректерді пайдалану арқылы жылына 200 млрд теңгеге дейін үнемдеуге қол жеткізілген.
Алайда цифрландырудың негізгі нәтижесі – шығындарды кейін бақылаудан оларды алдын ала басқаруға көшу.
Бүгінде 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 трлн теңге сомасындағы шығыстың алдын алынды. Яғни цифрландыру жай ғана тиімсіз шығыстарды анықтап қана қоймай, оларды алдын алуға мүмкіндік береді, – деді министр.
Еске салсақ, министр бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қаржыны бірыңғай цифрлық жүйеге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, цифрландыру нәтижесінде бюджетке 410 млрд теңге қосымша түсім түскен.