Тик-токта трендтен түспейтін әжелерден қандай тәрбие алып жатырмыз. Тик- ток әлеуметтік желісі арқылы танымал болып, оны табыс көзіне айналдырып жатқандар қаншама, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тіпті бірі таңнан кешке дейін тікелей эфирде отырады. Танымал әншілер де, қарапайым халық та, мектеп жасындағы бала да оның қолданушысы. Бізді қызықтырғаны сол, соңғы күндері оның беттерінен қарт әжелерімізді де көріп жүрміз. Басында таңсық көрінгенімен, көре-көре көзіміз де үйренді. Ақыл айтар жаста заманауи желінің ырғағымен ілесіп жүрген әжелерге айтылар сын да жоқ емес.
Егер әжелеріміз стримге шығу арқылы даналығын, білгенін үйретіп отырса, қарсы емеспін. Бірақ ақша табу үшін отырса, әрине ерсі. Өзім тик-токта көп уақыт өткізбеймін. Бірақ, тікелей эфирде отырған бірнеше әжені байқадым. Не айтар екен деп, 10 минуттай бақыладым. Тек сыйлық бер, стримге шық, тіркеліп кетіндер деп оқырманмен сөзге келіп отырған адамдар,-дейді журналист Әсел Әбілбек.
"Маған лайк басыңдар" деп отырған әжелер заман талабына сай болғысы келетінін айтады.
Тұрмыс-тіршілігімді, ауылымды сонда салып, таныстырайын деп өзім қызығушылық таныттым. Содан немерем қосып беріп, қазір стримге кіріп, басқа да әжелермен таныстым. Әңгіме-дүкен құрамыз,-дейді тик-токер Сәуле әже.
Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі де екіге бөлінді. Бірі әжелерді қолдаса, енді бірі "Мен стримге шығуға ұялып жүрсем", "Балаларына ертегі айтудың орнына, тик-токта маған лайк бас деп отыр, таң қаламын", "Бос жатқанша, ақша тапқылары келген шығар" деген пікірлерді жазуда.
Жә, заман талабына ілескеніміз жақсы-ақ. Бірақ, ертеңгі болашақты ұмытпау да керекпіз-ау. 20 миллион халықтың алдына шығып, ерсі қылықпен елге мазақ болғанша, үйдегі немеремен ғажап әже болған жөн емес пе деймін.