Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистикалық орталыққа айналуы халықаралық магистральдардың сапасына ғана емес, ауылдарды сол жолдармен байланыстыратын инфрақұрылымға да тәуелді. Экономист Айбар Олжай осылай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасында орналасуы транзитті дамытуға мүмкіндік береді. Алайда географиялық артықшылықты экономикалық табысқа айналдыру үшін сапалы жол, уақытылы жеткізу, қауіпсіз қозғалыс және жол бойындағы қызмет қатар дамуы қажет.
Халықаралық тасымалдаушы бағыт таңдағанда шақырымды ғана есептемейді. Ол жолға қанша уақыт кететінін, көлігінің қай жерде жөнделетінін, жүргізушісінің қайда демалатынын және жүктің қашан жететінін қарайды, – дейді Айбар Олжай.
Ол Президенттің сапалы жолдар мен заманауи қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасының экономикалық маңызына тоқталды. Оның пікірінше, ел аумағынан өтетін жүк тасымалы жергілікті кәсіпкерлікке де табыс әкелуі керек.
Жүк көліктеріне жанармай құю, техникалық қызмет көрсету, жүргізушілерді тамақтандыру және демалыс орындарымен қамтамасыз ету арқылы жол бойындағы елді мекендерде жұмыс орындары ашылады. Қоймалар, қонақүйлер мен асханаларға сұраныс артып, тасымалдан түсетін кірістің бір бөлігі өңірлерде қалады.
Алайда халықаралық дәліздердің мүмкіндігін ауыл тұрғындары мен жергілікті өндірушілер де пайдалана алуы маңызды.
Халықаралық магистраль қанша сапалы болғанымен, оған шығатын ауыл жолы нашар болса, үлкен транзиттің пайдасы сол ауылға толық жетпейді. Фермер өнімін трассаға жеткізгенше уақыт жоғалтып, артық шығынға батса, жаңа дәліз оның нарыққа шығуын қаншалықты жеңілдетеді? Сондықтан республикалық және жергілікті жолдарды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды, – дейді ол.
Айбар Олжай жол сапасының тауар бағасына да әсер ететінін атап өтті. Жолдың нашарлығы көлікті жөндеу шығынын көбейтіп, жеткізу мерзімін ұзартады әрі өнімнің бүліну қаупін арттырады. Кәсіпкердің осы шығындары ақырында тауар бағасына қосылады.
Нашар жолдың ақысын тасымалдаушы ғана емес, дүкенге барған әрқайсымыз төлейміз. Ал сапалы жол осы артық шығынды азайтып, өңірдегі кәсіпкердің бәсекеге қабілетін күшейтеді, – дейді Айбар Олжай.
Оның пікірінше, жол құрылысының тиімділігін төселген асфальттың шақырымымен ғана бағалау жеткіліксіз. Негізгі өлшемдер қатарында өнімді жеткізу уақытының қысқаруы, ауылға жедел жәрдемнің кедергісіз жетуі, жаңа бизнестің ашылуы және жол сапасының сақталуы болуы керек.
Үлкен дәлізге қосылған әр ауыл, нарыққа кедергісіз шыққан әр өндіруші, жол бойында ашылған әр кәсіп – сол мақсаттың нақты нәтижесі. Сонда ғана географиялық артықшылығымыз халықтың табысына айналады, – деп түйіндеді ол.