Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Транскаспий дәлізі: Қазақстан транзиттен табыс таба ала ма?

8 Қазан 2025, 19:10
929
Бөлісу:
 agmpnews.kz
Фото: agmpnews.kz

Орта дәлізді (немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты) күшейту бүгінде әлемдік сауда мен логистикадағы басты тақырыптардың біріне айналды. Бұл бағыт Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, бірқатар күрделі сынақтармен де бетпе-бет келтіріп отыр. Сарапшы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жобаның елге қандай пайда әкелетінін, кім көбірек ұтатынын және қандай қауіп-қатер барын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Бүгінде жүк айналымының өсімі айқын байқалады. 2023-2024 жылдары Қазақстан аумағы арқылы миллиондаған тонна жүк өтті. Бұл – тасымал мен порт қызметінен түсетін кірісті көбейтіп, логистикалық хабтардың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашты.

Орта дәлізді нығайту Қазақстанға нақты экономикалық дивидендтер береді. Ол қоймалау, кеден қызметі, жылжымалы құрамды жөндеу, жергілікті логистика сияқты салалардың дамуына серпін береді. Егер саясат пен инвестиция дұрыс жолға қойылса, бұл дәліз қызмет экспортындағы маңызды бағытқа айналады. Ал басқару дұрыс болмаса, ол өзге елдердің жүгі өтетін жай ғана «құбырға» айналып кету қаупі бар, – деді саясаттанушы Ералы Нұржұма.

Қазақстан – транзиттік хаб ретіндегі әлеует

Осы онжылдықтың соңына дейін тасымал көлемі үш есеге дейін өсуі мүмкін. Бірақ бұл жолда инфрақұрылымдық шектеулер бар: Каспийде паромдардың жетіспеуі, шекарадағы кідірістер және елдер арасындағы толық үйлесімнің болмауы.

Негізгі транзиттік хаб мәртебесіне ие болу мүмкіндігі бар, бірақ ол автоматты түрде берілмейді. Қазақстан өз инфрақұрылымына инвестиция салып, ережелерді жеңілдетіп, бәсекеге қабілетті жағдай жасауы тиіс. Сонда ғана бұл мәртебені нақты бекіте алады, – деп атап өтті сарапшы.

Транскаспий бағытының басты пайдасын жаһандық жүк жөнелтушілер мен алушылар көреді. Қытай – экспорт үшін жылдам әрі бақыланатын арнаға ие болады, Еуропа – жеткізілім көздерін әртараптандырып, тәуекелді азайтады. Ал Қазақстан мен басқа транзиттік елдер – Әзербайжан, Грузия, Түркия – тарифтерден табыс табады және жаңа жұмыс орындарын ашады.

Қытай ең көп ұтады, себебі ол жүк ағынын көлем және бақылау тұрғысынан басқара алады. Еуропа жеткізілім көздерін кеңейтеді. Қазақстан транзиттен табыс табады және өнеркәсіп саласын дамытуға мүмкіндік алады. Бірақ негізгі пайда терминалдар мен логистикалық инфрақұрылымға иелік ететін елдерге тиесілі болып қала береді, – деді Нұржұма.

Геосаяси салдары

Сарапшының айтуынша, Орта дәліз Еуропа мен Азияның Ресей арқылы өтетін солтүстік бағыттарға және теңіз тасымалына тәуелділігін азайтады. Бұл ретте Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың маңызы арта түседі.

Қытай экономика арқылы ықпалын күшейтіп отыр, Еуропалық Одақ – инвестициялар мен стандарттар арқылы, ал Түркия – транзиттік және саяси ойыншы ретінде беделін арттырып келеді. Ресей үшін бұл жоба – бәсекелес. Қазақстан үшін ол әрі мүмкіндік, әрі сыртқы қысым көзі, – деді саясаттанушы.

Қазақстанда дәліздің дамуы логистикаға, мультимодальды тасымалдарға, Каспийдегі порттардың жұмысына, теміржол машина жасау мен жөндеу саласына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, қойма шаруашылығы, қаптама өндірісі және кеден қызметі үшін қосымша мүмкіндіктер туады.

Егер арнайы экономикалық аймақтар құрылып, салықтық жеңілдіктер берілсе, бұл өңдеу өнеркәсібіне де оң әсер етеді – жеңіл құрастырудан бастап, машина жасау мен электроникаға арналған бөлшектер өндірісіне дейін дамуға жол ашылады, – дейді сарапшы.

Тәуекелдер мен сын-қатерлер

Қытай жүктеріне тәуелділіктің артуы белгілі бір осалдықтарға алып келуі мүмкін. Ірі жүк иелері өз шарттарын қояды, ал саяси жағдай инфрақұрылымды қысым тетігіне айналдыруы ықтимал.

Қазақстан үшін қосылған құн тым аз болуы мүмкін деген қауіп бар. Егер ел тек өткел рөлінде қалса, терминалдар мен контейнер парктерін бақылайтын серіктестермен салыстырғанда пайда әлдеқайда азаяды, – деді Нұржұма.

Бұған қоса, маусымдық үзілістер, санкциялық шектеулер мен технологиялық сәйкессіздіктер сияқты операциялық тәуекелдер де бар. Транзит ережелері мен рәсімдері біріздендірілмесе, тасымалдың жылдамдығы мен сенімділігі төмендеуі мүмкін.

Терминалдарға инвестиция салу, мультимодальды инфрақұрылымды дамыту, өңдеу мен логистиканы қолдау, серіктестерді әртараптандыру және бір жөнелтушіге тәуелділікті азайту стратегиясы қажет. Осы шараларсыз жүк ағынының өсімі байқалғанымен, оның экономикалық тиімділігі шектеулі болып қала береді, – деп түйіндеді Нұржұма.

Орта дәліз Қазақстанға экономика мен геосаясатта өз орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Алайда бұл мүмкіндіктің нақты нәтижесі – мемлекеттің қабылдайтын шешімдеріне тікелей байланысты.

Өзгелердің жаңалығы