Транскаспий бағыты бойынша мұнай тасымалдауға арналған жаңа танкерлердің жобасы әзірленіп жатыр

8 Шілде 2022, 12:24
2028
Бөлісу:
Транскаспий бағыты бойынша мұнай тасымалдауға арналған жаңа танкерлердің жобасы әзірленіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Қазтеңізкөлікфлоты» ЖШС директорының орынбасары Сәкен Сағатұлы айтты. 

2019 жылдың сәуір айында «Ақтау-Баку-Ақтау» бағыты бойынша контейнерлік желі іске қосылды. «Қазтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз тасымалдаушы ретінде осы жолдың теңіз операторы. Бұл контейнерлік желіні іске қосқан кезде біздің компания орташа бір жүк кемесімен жұмыс істеді. Бұл бағыттың болашағы зор екенін ескере отырып, 2021 жылдың наурыз айында «Қазтеңізкөлікфлоты» 350 контейнерлік сыйымдылығы бар тұңғыш қазақстандық «Барыс» контейнерлік кемесін іске қосты, - деді Сағатұлы. 

Оның айтуынша, жыл басында әлемдегі геосаяси оқиғалар бұл бағытқа қызығушылықты арттыра түсірді. 

Осыған байланысты біздің компания контейнерлік кемелерге арналған тағы екі кемені жасауды бастады, жоспарымыз бойынша осы жылдың соңына дейін қосымша тағы 2 контейнерлік кемені пайдалануға береміз. Мұның бәрі жалпы тауарлырды тасымалдауға қатысты атқарылып жатқан шаралар.Бұған қоса, біз Транскаспий бағыты бойынша мұнай тасымалдауға арналған жаңа танкерлердің жобасын әзірлеуге кірістік. Алдағы мәселе оларды құрастырып, тезірек іске қосу, - дейді Сәкен Сағатұлы. 

Оның айтуынша, қазір транзиттік жүктерден гөрі отандық тауарларды экспорттау басымдыққа шығып отыр. 

Теңіз көлігі - ең арзан көлік түрі. Сондықтан отандық экспорттаушылар үшін бұл бағыт тек арзан ғана емес, жылдам да болады деп ойлаймыз. Тауарлардың жеткізу уақытын азайту үшін қатысушылардың барлығы (Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия) да осы жылдар бойы осы мәселемен айналысып жүр, - деді ол. 

Айта кетейік, күні кеше Президенттің төрағалығымен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өтті. Мемлекет басшысы онда бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын.

Өзгелердің жаңалығы