Дональд Трамптың ұлдары – Эрик Трамп пен Дональд Трамп-кіші Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игерумен байланысты компанияның тең иелерінің қатарына кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Financial Times басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 2025 жылдың тамызында ағайындылар Skyline Builders құрылыс компаниясынан үлес сатып алған. Бірқатар мәміледен кейін бұл құрылым Cove Capital инвестициялық тобымен байланысты Kaz Resources компаниясының 20%-ына ие болды. Кейін Kaz Resources Қазақстандағы жобаларды бақылайтын Cove Kaz Capital құрылымымен, сондай-ақ Skyline компаниясымен біріктірілген.
Хабарланғандай, біріккен компания Kaz Resources брендімен NASDAQ биржасында алғашқы жария орналастыруды (IPO) өткізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, 2025 жылы АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі мен DFC Қазақстандағы вольфрам өндіру жобаларын қаржыландыруға 1,6 млрд долларға дейін қаражат бөлуге келісім берген. Бұл жобалардағы бақылаушы үлес Cove Kaz Capital құрылымына тиесілі.
Дональд Трамп-кішінің өкілі оның пассив инвестор ретінде әрекет ететінін, операциялық қызметке қатыспайтынын және компаниялар мүддесі үшін мемлекеттік органдармен байланыс жасамайтынын атап өтті.
Еске салсақ, 2025 жылдың қарашасында «Орталық Азия – АҚШ» («С5+1») саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың қатысуымен Қазақстан мен АҚШ арасында 17 млрд доллардан астам сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылған болатын.