Бүгін, 1 тамыздан бастап АҚШ бірқатар елдерден импортталатын тауарларға жаңа тарифтер енгізеді. Президент Дональд Трамптың бастамасымен қабылданған бұл шаралар американдық өндірісті қолдау және жұмыс орындарын қорғау мақсатында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, жаңа тарифтер "американдық өнеркәсіп пен жұмысшы табын әділетсіз саудадан қорғауға" бағытталған. Алайда сарапшылар бұл шешімдердің жаһандық экономикаға кері әсері болуы мүмкін екенін ескертуде. Кейбір компаниялар америкалық тұтынушылар үшін бағаны көтеруге мәжбүр болған.
Жаңа баж салықтарына сәйкес, 1 тамыздан бастап төмендегі тарифтер күшіне енеді:
- Бразилия тауарларына – 50%
- Үндістан тауарларына – 25%
- Вьетнам тауарларына – 20%
- Индонезия мен Филиппин тауарларына – 19%
- Жапония мен Оңтүстік Корея тауарларына – 15%
- Канада тауарларына – 35% (егер жеке келісім болмаса және NAFTA аясынан тыс тауарлар болса)
- Мексика тауарларына – 30% немесе АҚШ-қа енгізілген жауап баждарына тең мөлшер
Трамп пен Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейеннің шілденің соңындағы келіссөздері нәтижесінде, ЕО елдерінен келетін кейбір тауарларға 15 пайыздық баж салығы енгізілетін болды. Оның орнына, ЕО АҚШ компанияларынан белгілі бір өнімдерге 0 пайыздық тариф қолдануға келісім берді. Трамп бұл келісімді "тарихтағы ең үлкен мәміле" деп атады.
Ал АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі жалғасып жатыр. Бұған дейін екі ел бір-бірінің тауарларына 100%-дан астам тариф енгізіп, кейін 90 күнге уақытша төмендеткен еді. Бұл үзіліс 12 тамызда аяқталады.
Президент Трамптың сауда саясаты ел ішінде өндірісті ынталандыруды көздегенімен, халықаралық нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық туғызып отыр. Ал сарапшылар жаңа тарифтердің әсерінен импорт өнімдерінің қымбаттап, тұтынушыларға салмақ салуы мүмкін екенін ескертуде.