АҚШ Президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты "24 сағатта тоқтатуға" уәде еткен еді. Ал енді Аляскада өтетін Трамп пен Путин саммиті 3,5 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыстың тағдырына ықпал етуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі apnews.com сайтына сілтеме жасап.
АҚШ Президенті Дональд Трамп өзінің екінші мерзімге сәтті өткен сайлау науқаны кезінде бірнеше рет Украинадағы соғысты "24 сағатта аяқтай аламын" деп мәлімдеген болатын. Алайда 20 қаңтардағы инаугурациясынан бері Трамп, Украина Президенті Владимир Зеленский және Ресей Президенті Владимир Путин арасындағы қарым-қатынастағы өзгермелі ахуал бейбіт келісімге апарар жолды күрделендіріп жіберді.
Алдағы жұмада Аляскада өтетін Трамп пен Путин саммиті 3,5 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыстың бетбұрысты кезеңіне айналуы ықтимал.
Бұл кездесудің соңында, тіпті алғашқы екі минутында-ақ келісім жасау мүмкін бе, соны нақты білемін, – деді Трамп дүйсенбі күні.
The Associated Pres-тің жазуынша, биыл Трамптың Зеленский мен Путинге қатысты риторикасы өзгерді.
Екінші мерзімінің басында Трамп көптен бері Путинге қатысты тату-тәтті ұстанымда болды. Бірақ Путин АҚШ бастамасымен ұсынылған шартсыз бітімді қабылдамай, ымыраға келуден бас тартқан соң, республикашыл көшбасшы Ресей Президентіне қатысты ашық сын айта бастады. Ол Путиннің АҚШ жетекшілік еткен бейбітшілік орнату бастамаларына қырын қарағанын және соғысты созғанын сынға алды.
Жақында ғана Трамп бірнеше рет "Ресей Украинаға қарағанда келісімге көбірек дайын" деген пікірін білдірген еді. Алайда ақпан айындағы Ақ үйдегі келіспеушіліктен кейін Трамптың Зеленскийге көзқарасы жұмсарғаны байқалды. Бұған қоса, ол белгілі бір келісім аясында Украинаға әуе шабуылына қарсы Patriot зымырандарын жеткізуге уәде берді.