АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жасап, Киевтегі жағдайға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі CNN.com-ға сілтеме жасап.
АҚШ басшысы Truth Social желісіндегі парақшасында:
Мен Киевке жасалған ресейлік соққыларға риза емеспін. Бұл қажет емес, әрі уақыты өте қолайсыз. Владимир, тоқта! Аптасына 5000 сарбаз мерт болып жатыр. Келіңіздер, бейбіт шешімге келейік! – деп жазды.
Мәскеу Украинаға қарай 70 зымыран мен 145 дрон ұшырған. Олардың басым бөлігі Киевке бағытталған.
АҚШ президенті Трамп кейінірек Ақ үйде сөйлеген сөзінде:
Егер шабуылдар жалғаса берсе, қандай да бір шара қабылданады, – деді.
Украина төтенше жағдайлар қызметінің дерегінше, кемінде 12 адам қаза тапты, 90-нан астам адам жараланды, қирандылар астында қалғандар да болуы мүмкін. Шабуыл Киевтің 13 нүктесін, соның ішінде тұрғын үйлер мен азаматтық инфрақұрылымды қамтыған. Бұл шабуыл 2024 жылдың шілдесінен бергі ең жойқын соққы болды. Ол кезде әуежай мен ауруханаларға бағытталған соққыдан 33 адам қаза тапқан еді.
Зеленскийдің реакциясы
Оңтүстік Африкаға сапары барысында сөйлеген Украина президенті Зеленский шабуылды "АҚШ-қа қысым жасау үшін жасалды" деп атады. Ол Трамптың Киевті бейбіт келісімге итермелеу әрекеттеріне қарсы шықты:
Украина терроршылармен атысты толығымен тоқтатқаннан кейін ғана келіссөз үстеліне отыруға дайын болуы – бұл өзі үлкен ымыра, – деді ол.
Зеленский Трамптың әлеуметтік желідегі жазбасынан сәл бұрын журналистермен сөйлесіп, АҚШ пен Ресейге қатысты саясатта тепе-теңдік жоқтығын атап өтті:
Бұл – біздің өмір сүру мәселеміз. Бұл тұрғыда біз өте ашықпыз. Қазір Ресейге қарсы күшті қысым мен жаңа санкцияларды көріп тұрған жоқпын, – деді Украина президенті.
Трамп бейсенбі күні Ақ үйде Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёремен кездесуде CNN тілшісінің сұрағына жауап беріп:
Украина мен Ресей арасында көп өшпенділік бар. Бірақ менің ойымша, екеуі де бейбітшілік орнатқысы келеді, – деді ол. Трамп "Біз олардың келіссөз үстеліне отыруын ұзақ күттік. Егер олар отыратын болса, біз бейбітшілікке қол жеткіземіз" деп қосты.
Ресей не дейді?
Ресей Қорғаныс министрлігі шабуылды былай деп сипаттады:
Украинаның авиация, зымыран-ғарыштық, машина жасау және бронетехника кәсіпорындарына, сондай-ақ зымыран отыны мен оқ-дәрі өндіріс орындарына жоғары дәлдіктегі әуе, жер және теңіз қаруы, дрондар арқылы ауқымды соққы жасалды. Барлық мақсаттар көзделді және жойылды, - делінген жазбада.