Әлемде геосаяси ахуал ушығып барады. Куба АҚШ-пен соғысқа дайын екенін мәлімдеді, Иран Израиль мен АҚШ-қа қатаң ескерту жасады, Трамп Венесуэла мен Гренландия төңірегінде даулы мәлімдемелер айтты, ал Австралияда соңғы жылдардағы ең ірі орман өрттері тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куба АҚШ-пен қақтығысқа дайын екенін мәлімдеді
Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ-пен ықтимал соғысқа дайын екенін ашық айтты. Ол бұл мәлімдемені АҚШ президенті Дональд Трамп Гаванаға келіссөздер жүргізуді ұсынғаннан кейін X әлеуметтік желісінде жариялады.

Диас-Канель Кубаның егемен әрі тәуелсіз мемлекет екенін атап өтіп, елге 66 жылдан бері АҚШ тарапынан қысым мен санкциялар жүргізіліп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Куба ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейді, бірақ қажет болған жағдайда елін соңғы тамшы қан қалғанша қорғауға дайын. Сондай-ақ ол экономикалық қиындықтарды социалистік революциямен байланыстыратындарды қатаң сынға алып, басты себеп – АҚШ-тың ұзақ жылдар бойғы санкциялары екенін мәлімдеді.
Трамп өзін Венесуэланың уақытша президенті деп «жариялады»
.jpg)
Дональд Трамп Truth Social желісінде өзін 2026 жылдың қаңтарынан бастап Венесуэланың уақытша президенті ретінде көрсеткен скриншот жариялады. Онда оның бұл қызметке тағайындалғаны және АҚШ президенті ретіндегі қазіргі мәртебесі қатар көрсетілген.
Бұл жазба 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ Венесуэлаға қарсы операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын тұтқындағаннан кейін жарияланды. Кейін Мадуроның АҚШ-тағы тергеу изоляторына жеткізілгені хабарланған болатын.
Австралияда соңғы жылдардағы ең ірі орман өрттері

Австралияның оңтүстік-шығысында, әсіресе Виктория штатында орман өрттері өршіп тұр. Билік төтенше жағдай жариялады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бір адам қаза тауып, шамамен 300 нысан жойылған. Өрт аумағы Үлкен Лондоннан екі есе үлкен.
Виктория премьер-министрі Джасинта Аллан 30 белсенді өрт тіркелгенін, оның 10-ы тұрғындарға тікелей қауіп төндіріп тұрғанын айтты. Өрт салдарынан Мельбурн қаласын қою түтін басып, ауа сапасы күрт нашарлады. Билік бұл жағдайды 2019-2020 жылдардағы апатты өрттерден бергі ең ірі табиғи апат деп бағалап отыр.
Иран АҚШ пен Израильге қатаң ескерту жасады

Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф АҚШ немесе Израиль тарапынан әскери шабуыл жасалса, Таяу Шығыстағы олардың барлық әскери базалары Иран үшін заңды нысанаға айналатынын мәлімдеді.
Бұл ескерту Ирандағы жаппай наразылықтар аясында айтылды. 2025 жылдың желтоқсанынан бері елде экономикалық дағдарысқа байланысты басталған шерулер ушығып, жүзден астам адам қаза тауып, мыңдаған азамат жарақат алған. Наразылықтардан кейін Иран билігі ел аумағында интернетті толықтай бұғаттады.
Дания Гренландияны АҚШ-қа бермейтінін мәлімдеді

Даниялық депутат Расмус Ярлов Гренландияны АҚШ-қа ешқандай жағдайда бермейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, тіпті ядролық қысым жасалса да, Копенгаген бұл ұстанымынан таймайды.
Бұған дейін Дональд Трамп Гренландияға қатысты нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырған еді. Бұл мәлімдемелер Еуропада алаңдаушылық тудырып, Германия, Франция және Ұлыбритания Дания мен Гренландияны қолдайтынын ашық білдірді. Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселе НАТО ішінде жікке бөлінуге алып келуі мүмкін.