Трамп Тегеранға қандай хат жолдады: талап әлде татулық?

Бүгiн, 06:42
512
Бөлісу:
Трамп Тегеранға қандай хат жолдады: талап әлде татулық?
Фото: baq.kz

Иранға Біріккен Араб Әмірліктерінің президентінің дипломатиялық кеңесшісі Анвар Гаргаш хат жеткізген. Ол сәрсенбіде Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчиге Трамптың хатын табыстаған. Белгілі болғандай Иран АҚШ-тың ядролық келіссөздер туралы ұсынысын қабыл алмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аббас Аракчи кейінірек өзінің Instagram парақшасында хаттың алынғанын растады. Бұған дейін, 7 наурызда Трамп Fox Business Network арнасына берген сұхбатында Иран көшбасшысы Әли Хаменеиге хат жолдағанын мәлімдеген еді.

Келіссөз жүргізуге келісесіз деп үміттенемін, өйткені егер әскери қақтығыс бола қалса, оның салдары ауыр болады, – деген Трамп сұхбатында.

Алайда, Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи бұл ұсынысқа қызығушылық танытпады. Университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде ол АҚШ-пен келіссөздерді "алдау" деп бағалап, Тегеранның Вашингтонның ұсыныстарын қабылдамайтынын айтты.

Егер біз олардың келіссөз ережелерін орындамайтынын білсек, онда мұндай келіссөздер не үшін қажет? Бұл – тек қоғамдық пікірді шатастыруға бағытталған әрекет, – деді Хаменеи.

Сондай-ақ ол Трамп әкімшілігінің қойған талаптары Иранға қысымды күшейтуді көздейді деп мәлімдеді.

Айта кетейік, 2018 жылы Трамп АҚШ-ты Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі "Ортақ жан-жақты іс-қимыл жоспары" (JCPOA) келісімінен шығарып, Тегеранға қарсы санкцияларды қайта енгізген болатын. Ал 2019 жылы ол Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Синдзо Абэ арқылы Иранмен тікелей келіссөздер жүргізуге тырысқан, бірақ Хаменеи бұл ұсынысты да қабылдамады.

Егер біз ядролық қару жасағымыз келсе, АҚШ оған тосқауыл бола алмас еді. Бірақ біз мұны қаламаймыз, – деп мәлімдеді Аятолла.

Айта кетейік, 8 наурызда Хаменеи АҚШ-тың келіссөздер арқылы мәселені шешуге ниетті емес екенін, тек өз талаптарын орындатуға тырысатынын атап өтті. Оның айтуынша, Иран мұндай қысымға келіспейді және ұлттық мүдделерін қорғай бермек.

Өзгелердің жаңалығы