Трамп ресми түрде жасанды интеллектке жаңа атау берді: енді ол «суперинтеллект»

Ақ үй АҚШ-тың жасанды интеллекттің отаны екенін және 70 жылдан астам уақыт бойы оны әзірлеу мен енгізу саласында әлемде көш бастап келе жатқанын атап өтті.

 x.com/whitehouse 30 Қыркүйек 2026, 08:20
30 Қыркүйек 2026, 08:20
113
Фото: x.com/whitehouse

АҚШ президенті Дональд Трамп федералдық атқарушы билік органдарында «жасанды интеллект» (AI) терминін «суперинтеллект» (SI) деп ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды.

Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.

Жарлық атқарушы биліктің барлық ведомстволары мен агенттіктеріне ресми хат-хабарда, қоғамдық коммуникацияларда, бағдарламалық құжаттарда және заң мәртебесіне ие емес құжаттарда «суперинтеллект» және SI терминдерін қолдануды, сондай-ақ «жасанды интеллект» және AI терминдерін бұдан былай қолданбауды міндеттейді, – делінген хабарламада.

Президенттің ғылым және технология мәселелері жөніндегі көмекшісіне «суперинтеллект» (SI) терминінің ресми анықтамасын әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ оған бұл ұғымды федералдық ведомстволардың жұмысына енгізу үшін қандай қосымша шаралар қажет екенін анықтау жүктелді.

Ақ үй АҚШ-тың жасанды интеллекттің отаны екенін және 70 жылдан астам уақыт бойы оны әзірлеу мен енгізу саласында әлемде көш бастап келе жатқанын атап өтті.

«Суперинтеллект» атауы қазіргі таңда әзірленіп жатқан технологиялардың нақты мүмкіндіктерін көрсетеді. Ол адамның шығармашылық қабілетінің жаңа түрлерін ашып, америкалықтарға бұрын мүмкін болмаған жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл «жасанды интеллект» термині меңзейтін адам интеллектін жай ғана имитациялау немесе автоматтандыру емес, – делінген хабарламада.

Ақ үйдің пікірінше, «суперинтеллект» терминін қолдану ведомстволар мен агенттіктердің осы технологиялардың мүмкіндіктері мен қолдану аясын кеңейтуге, экономиканы нығайтуға және америкалықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға баса назар аударуына мүмкіндік береді.

Бұған дейін Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімі кезінде құрылған Ғарыш күштерінің үлгісімен Жасанды интеллект күштерін құратынын мәлімдеген болатын. Алайда ол жаңа құрылымның құрамы, бюджеті және қай ведомствоға бағынатыны туралы нақты мәліметтерді жарияламады.

АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында үкімет «ешбір жағдайда жасанды интеллекттің дамуына кедергі келтірмейтінін немесе оны тежемейтінін» мәлімдеді. Сонымен қатар ол AI қолдану арқылы жасалған «заңсыз» әрекеттер қолданыстағы қылмыстық және азаматтық сот төрелігі жүйесі арқылы анықталатынын айтты.

Наверх