Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында үш күндік атысты тоқтату режимі жарияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АҚШ президенті бұл туралы 8 мамыр күні өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Ресей мен Украина арасындағы соғыста 9, 10 және 11 мамыр күндері үш күндік атысты тоқтату жарияланатынын қуана хабарлаймын. Ресейде бұл күндері Жеңіс күні аталып өтеді, алайда Украина да Екінші дүниежүзілік соғыстың маңызды қатысушысы болды, – деп жазды ол.
Трамптың айтуынша, уақытша бітім барлық әскери іс-қимылдарды тоқтатуды және екі тараптың мыңнан әскери тұтқынды алмастыруын қамтиды.
Мен бұл өтінішті жеке өзім жеткіздім және президент Владимир Путин мен президент Владимир Зеленский келісім бергенін жоғары бағалаймын. Бұл ұзаққа созылған қанды соғыстың аяқталуына бастама болады деп үміттенемін. Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр және біз күн сайын мақсатқа жақындай түсудеміз, – деді АҚШ басшысы.
Еске сала кетейік, 4 мамыр күні Ресей Қорғаныс министрлігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай 8–9 мамыр күндері Украинамен соғыста уақытша бітім жариялағанын хабарлаған болатын. Ведомство Киевті де осы бастаманы қолдауға шақырды.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский 6 мамырдан бастап «тыныштық режимі» енгізілетінін мәлімдеді.