Трамп пен Зеленскийдің кездесуі: Жабық есік жағдайында не айтылды?

Бүгiн, 13:20
197
Бөлісу:
Трамп пен Зеленскийдің кездесуі: Жабық есік жағдайында не айтылды?
Фото: AP Photo / Mystyslav Chernov

CNN телеарнасы АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы Ақ үйдегі жанжалдан кейін жабық есік жағдайында болған оқиғаның егжей-тегжейін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Телеарна дереккөздерінің мәліметінше, кездесудің ашық бөлігі аяқталған соң, Трамп кеңесшілерімен бірге жеке бөлмеге кетіп қалған. Онда ол вице-президент Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио, қаржы министрі Скотт Бессент және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Волтцпен ақылдасқан.

Кеңес қорытындысы бойынша Трамп Зеленскийді “келіссөз жүргізуге дайын емес” деп шешіп, оның делегациясына Ақ үйді дереу тастап шығу туралы хабарлама жіберуді тапсырған.

Ақ үй өкілі CNN-ге берген мәлімдемесінде украин делегациясы келіссөздерді жалғастырғысы келгенін, бірақ оларға “қарсылықсыз бас тартылғанын” айтты. Көп ұзамай Зеленский командасымен бірге ғимараттан кеткен.

Fox News журналисі Джеки Хейнричтің мәліметінше, Зеленскийдің іс-қимылы Ақ үй шенеуніктерінің арасында “сұрақтар туғызған”. Ол кездесуде иығын жиі қозғап, көзін жоғары көтерген, бұл Трамптың пікірінше, “құрметсіздік белгісі” саналған.

“Президент Зеленскийді шығарып салды. Оған үйіне қайту керектігін жеткізді. Трамп оның бейбітшілікке дайын емес екенін ‘Қашан дайын боласың, сонда келесің. Ал қазір — кет!’ деді”, – деп хабарлады Хейнрич.

CNN мәліметінше, украин делегациясына тіпті Ақ үйдегі жоспарланған түскі ас та бермеген. Дайындалған тағамдар сервистік үстелдерде қалып, кейіннен баспасөз қызметінің қызметкерлеріне ұсынылған.

Еске салайық, Владимир Зеленский 28 ақпанда Дональд Трамппен кездесу барысында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен, кейін Трамптың өзімен сөзге келіп, Ақ үйден мерзімінен бұрын кетіп қалған. Екі тарап пайдалы қазбалар жөніндегі келісімге қол қоя алмады.

Еуропа елдерінің көшбасшылары Зеленскийге бірден қолдау білдіріп, Украинаға көмекті жалғастыратынын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы