Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамп: Израиль 60 күндік бітімге дайын, ХАМАС-қа соңғы мүмкіндік берілді

Әсел ӘБІЛБЕК
2 Шілде 2025, 09:23
673
Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Газа секторында 60 күнге созылатын уақытша бітімге келіскенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол бұл ұсынысты ХАМАС қабылдауы тиіс екенін, әйтпесе жағдай "нашарлай түсетінін" ескертті. Трамп бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонға сапарымен келердің алдында хабарлады.

Израиль бітім шарттарына келісті. Бұл соғысты тоқтатуға бағытталған нақты мүмкіндік. ХАМАС мұны қабылдауы тиіс,- деді Трамп.

Келісім бойынша:

  • 60 күн ішінде атыс тоқтатылады;
  • Израиль мен ХАМАС тұтқындарды босату және гуманитарлық көмекке жол ашу мәселесін келіседі;
  • Бұл кезеңде Катар мен Мысыр делдал ретінде соңғы ұсынысты таныстырады.

ХАМАС барлық тұтқынды босатуға дайын екенін айтты. Бірақ Израиль әскерінің Газадан толық шығуы және соғыстың ресми түрде аяқталуы керек. Алайда Израиль бұл талапты қабылдамай отыр. Тель-Авив ХАМАС-тың толық тізе бүгуін, қару тастауы мен аймақтан кетуін талап етіп жатыр.

Израильдің Стратегиялық істер министрі Рон Дермер Вашингтонда АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларымен, соның ішінде вице-президент Дж. Д. Вэнс және Мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен келіссөздер жүргізді.

150-ден астам халықаралық ұйым, соның ішінде Oxfam, Save the Children және Amnesty International Израиль мен АҚШ қолдайтын гуманитарлық көмек тарату жүйесін сынға алды. Олар бұл жүйе палестиналық бейбіт тұрғындар арасында өлімге әкеп соғуда деп мәлімдеді. Жақында тамақ іздеген кемінде 10 палестиналықтың қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.

Сонымен қатар, Израиль әуе соққылары Газа секторындағы Хан-Юнис қаласында 37 адамның өліміне себеп болды. Куәгерлердің айтуынша, соққыда қарапайым бейбіт тұрғындар қаза тапқан.

Газа шиеленісімен қатар, Израиль мен Иран арасындағы текетірес те күшейіп отыр. АҚШ пен Израиль Иранның ядролық инфрақұрылымына 12 күндік соққы жасағаннан кейін, Тегеран айтарлықтай зиян шеккен. Сонымен қатар, Иран қолдайтын хуситтер Йеменнен Израильге зымыран жіберген. Бірақ олар дер кезінде қауіпсіздік жүйесімен жойылған.

Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац Йемен егер шабуылдарын тоқтатпаса, Иранға қарсы әрекеттерге ұқсас қатаң жауап алатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы