Дональд Трамп Иранмен бейбіт келісімге келу мәселесі бойынша «елеулі ілгерілеу барын» мәлімдеп, Ормуз бұғазы ашық болатынын айтты.
АҚШ президентінің сөзінше, ол Пәкістандағы делдалдармен, сондай-ақ Парсы шығанағындағы бірқатар елдер мен Израиль басшыларымен телефон арқылы сөйлескен. Трамп меморандумның соңғы тармақтары әлі талқыланып жатқанын, алайда АҚШ, Иран және өзге тараптар мәміленің негізгі шарттары бойынша ортақ ұстанымға келгенін жеткізді.
Алайда Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусына жақын Fars агенттігі Ормуз бұғазы Иранның бақылауында қала беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ Тегеранда Трамптың келісімге жақын қалғаны туралы сөздері шындыққа сәйкес келмейтіні айтылғанын The Guardian жазды.
Ал Шехбаз Шариф керісінше, келіссөздер процесін қолдап, Вашингтон мен Тегеран арасында жақын арада жаңа консультациялар кезеңі өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, өңір басшылары арасындағы соңғы телефон әңгімелері «өте пайдалы әрі нәтижелі» болған.
БАҚ мәліметінше, талқыланып жатқан келісім жобасында Ормуз бұғазын уақытша ашу, Иран мұнайын сатуға қойылған шектеулерді ішінара жеңілдету және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер болуы мүмкін. Өз кезегінде АҚШ Иран порттарына қатысты блокаданың бір бөлігін алып тастауы ықтимал.
Сонымен бірге дереккөздер Ормуз бұғазының мәртебесін қоса алғанда, негізгі мәселелер бойынша тараптардың ұстанымы әлі де қарама-қайшы екенін және түпкілікті келісімге әзірге қол жеткізілмегенін атап өтті.