АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты әскери операция аясында қойылған негізгі стратегиялық мақсаттардың орындалуға жақын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, АҚШ Иран режимінің Америкаға қауіп төндіру және өз ықпалын шекарадан тыс кеңейту мүмкіндігін жүйелі түрде шектеп келеді. Сонымен қатар Трамп Иранның әскери-теңіз күштері, әуе күштері және зымырандық әлеуеті жойылғанын айтты.
Бүгін мен негізгі стратегиялық мақсаттардың орындалуға жақын екенін қуана хабарлаймын, – деді ол.
Президент сондай-ақ Делавэр штатындағы Дувр әуе базасына барып, соғыста қаза тапқан 13 америкалық әскери қызметкерді еске алғанын жеткізді.
Біз оларды құрметтейміз және олардың ерлігін миссиямызды толық орындау арқылы ұлықтауымыз керек, – деді Трамп.
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ Ирандағы әскери міндеттерін аяқтауға жақындап қалғанын байқатып отыр. Трамп алдағы уақытта операцияны толық аяқтауға уәде берді.
Сонымен қатар ол бензин бағасының өсуіне Иранды кінәлап, АҚШ экономикасы соғыс салдарын еңсеруге бұрынғыдан да дайын екенін атап өтті. Дегенмен бұл мәлімдеме әскери операцияға қарсы болған сыншылар тарапынан қолдау таба қоймауы мүмкін.
Бұған қоса, Трамп АҚШ одақтастарын Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып, бұл мәселе Америка үшін аса маңызды емес екенін меңзеді. Кейбір сарапшылар мұны АҚШ-тың алдағы уақытта аймақтағы қауіпсіздік жауапкершілігін азайтуы мүмкін деген белгі ретінде бағалап отыр.