Бүгін Қазақстанда Металлургтер күні атап өтіледі. Жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде металл өндірумен және оны өңдеумен айналысатын адамдар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осыған орай BAQ.KZ тау-кен және металлургия саласында қызмет ететін мамандар мен еліміздегі ірі өндіріс орындары туралы фоторепортаж ұсынады.
Металлург күні ел аумағында 1957 жылы 28 қыркүйектен бастап атаулы күндер қатарына енді. Осы күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі ел экономикасын қалпына келтіруге үлес қосқан металлургтердің еңбегін мойындады. Бұл дәстүр Тәуелсіз Қазақстанда да жалғасын тапты. Осы және басқа да деректерді біздің тілшілер дайындаған шолудан таныса аласыздар.
Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі металлургия мен тау-кен өнеркәсібінің үлесі 14.1%-ға жетті. Ал ел экспортының 17.5%-ы тау-кен өнеркәсібіне келді, бұл шамамен 10,5 миллиард доллар.
Осы тұста айта кететін қызықты жайт, Қазақстан мыс өндірісі бойынша және оның қоры бойынша әлемде 11 орында тұр. Сондай-ақ алтын өндірісі бойынша және оның қоры бойынша 13 орында, ал уран қорлары және оның өңдеуі бойынша 1 орында тұр.
Қазақстан әлем бойынша хром қоры бойынша және оның өңделуі бойынша 2 орында тұр. Ал мырыш өндірісі 11 орында және оның қоры бойынша 6 орында. Осыған қоса еліміз вольфрам қоры бойынша әлемде 1 орын алады, жиынтық қоры 2 млн тоннадан астам вольфрам триоксидіне бағаланады.
Қазақстанда сондай-ақ литий, ванадий, берилий және басқалары сияқты сирек кездесетін металдардың кен орындары бар.
Бүгінгі мереке орай металлургия саласындағы 193 жылдық еңбек тәжірибесі бар Бакраденовтер отбасы туралы сұхбат оқи аласыздар.
Фотоларды ұсынғандар: Қазақмыс, ERG